Облыс бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалады

Облыс бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалады

2021-2023 жылдарға арналған облыс бюджетінің қай салаларға бағытталатыны жаңа өзгерістер мен толықтырулар негізінде бекітілді. Қаржының басым бөлігі білім беру мен денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау шараларына жұмсалады. Сол сияқты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, мәдениет пен спорт салалары да назардан тыс қалған жоқ. Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік те облыс бюджетінен қолдау тапты.

Облыстың басты қаржылық құжатына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар облыс мәслихатының хатшысы Жанболат Жөргенбаевтың төрағалығымен өткен мәслихаттың кезекті VII сессиясында қаралды.  Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов, бірқатар басқарма, департаменттердің басшылары қатысты. Сол сияқты депутаттар жиынға онлайн режимде қосылды.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірхановтың айтуынша, Алматы облысының бюджетіне жалпы сомасы 55 млрд. теңге болатын мақсатты трансферттер қосымша бөлінген. Бюджеттің негізгі шығындары ең алдымен әлеуметтік салаларға, сол сияқты «Nur Otan» партиясының 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасындағы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталады.

Бұл ретте, мәселен, Ескелді, Қаратал, Көксу, Қарасай және Сарқан аудандарында жаңа мектептердің құрылысы басталады. Құрылыс жұмыстарын бастауға 600 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде облыстың аудандары мен Талдықорған қаласында тағы 7 мектептің құрылысына, сол сияқты Алакөл ауданындағы лагерьді қайта жаңғыртуға Ұлттық қордан 7,6 млрд теңге бағытталады.  Сонымен бірге балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектептерге дабыл тетіктері, турникеттер орнатып, арнайы күзет қоюға да қаржы қарастырылған.

Денсаулық сақтау саласында ауылдық ауруханаларды, дәрігерлік амбулаторияларды жөндеу, жаңа құрал-жабдықтар сатып алу жалғасады. Медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге де қаржы бөлінеді.

Әлеуметтік қамсыздандырудың ағымдағы шығындарына қосымша 1,2 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Тұрғын үй-коммуналдық саланы дамытуға жұмсалатын шығын 1,7 млрд теңге шамасында. Қолдаудың арқасында республикалық бюджеттен Ақсу, Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандарының инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылысы, тағы үш ауданда су жүйелерінің құрылысы жүргізіледі.

Ауыл шаруашылығын қолдауға да қосымша ақша бөлінеді, мемлекет қаржысы есебінен Іле, Талғар, Райымбек аудандарындағы ирригациялық жүйелер жөнделеді.

Автокөлік жолдарын жөндеу, Алакөл ауданы Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту ісі де республикалық бюджеттен қолдау тапты.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған экономиканың басқа да маңызды салаларын қолдауға депутаттар бірауыздан қол көтерді.

Екінші мәселе бойынша облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы міндетін атқарушы Серік Самұратов сөз алды. Ол жолаушылар тасымалында әлеуметтік маңызы бар қосымша 52 жаңа бағытты енгізу туралы ұсыныс енгізді. Тізім депутаттар тарапынан қолдау тапты.