
Соңғы аптада Алматы облысында коронавируспен ауырғандардың өсу қарқыны 0,5 процентті құрады, бір тәулікте 126 жағдай тіркелді. Бүгінде инфекциялық стационардың жүктелуі 57,6 процентті құрайды, яғни - 1273 адам, реанимациялық бөлімінде – 13,5 процентті құрайды. Төсек қоры қажет болған жағдайда 8 мыңға жеткізіледі. Бұл туралы бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен коронавирустық инфекцияға қарсы іс-қимыл шаралары туралы селекторлық отырыста облыс әкімі Амандық Баталов айтты.
Облыс басшысының айтуынша, 365 пациент амбулаториялық ем алуда. 4 облыстық ахуалдық орталықтың дәрігерлері күн сайын ауыр науқастар бойынша бейне кеңес жүргізеді.
Ауруханаларда 17 компьютерлік томограф, 53 рентген, 75 Хай Флу, 606 өкпені жасанды желдету аппараттары орнатылған. Өңір халқына 206 жедел жәрдем бригадасы және 391 мобильді бригада қызмет көрсетеді.
1 шілдеден бастап 15 ПЦР-зертханаларында 32 мың зерттеу өткізіліп, коронавирустың 1998 жағдайы анықталды. Зертханалардың тәуліктік қуаты - 11 мың тест.
«Алгоритмге сәйкес облыста халықты вакцинациялау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Жаппай егу үшін әрбір елді мекенде 244 пункт ашылды, 71 мобильді бригада және 17 жылжымалы медициналық кешен жұмыс жасайды. Облысқа вакцинаның 924 мың дозасы жеткізілді, бірінші компонентпен 493 мың адам, екінші компонентпен 273 мың адам вакцина алды.
Жалпы облыста тәулігіне 9 мыңға жуық адам егілуде», - деп атап өтті А.Баталов.
Өңір ауруханаларында дәрілік заттардың, жеке қорғаныс құралдарының екі айлық қоры бар екені де атап өтілді. 1,3 млрд. теңгеге облыстық тұрақтандыру қоры құрылған, 56 түрлі дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар «Іңкәр» дистебьютер қоймаларына бөлінген. Облыс дәріханаларында дәрі тапшылығы жоқ.
Аурудың өсу болжамына байланысты, 5 шілдеде карантиндік режимді күшейту туралы жаңа қаулы қабылданды.
Жұмыс күндері «Ashyq» бағдарламасына қатысатындарды қоспағанда қоғамдық тамақтану объектілері мен мейрамханалардың жұмысы сағат 21-ге дейін, базарлар мен сауда үйлерінің жұмысы сағат 17-ге дейін шектелді.
Карантиндік шараларды сақтау жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілді. 1 шілдеден бастап 2050 рейд барысында
9 мың нысан тексеріліп, карантиндік режимді бұзғаны үшін шаралар қабылданды.
Атап өтсек, Алматы облысы 19 шілдеден «қызыл» аймаққа өтті.