Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов өңірге халықпен кездесуге келген Парламент Мәжілісінің бірқатар депутаттарымен жүздесті. Кездесу барысында облыстың даму жағдайы, алдағы жоспарлар, аймақтардағы әлеуметтік мәселелердің шешімі жайлы кеңінен сөз болды, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі Амандық Баталов депутаттар Жанарбек Әшімжан, Әлия Әбсеметова, Жанна Телпекбаева, Айгүл Құспан, Мақпал Тәжмағамбетованы жылы жүзбен қарсы алып, оларға алдымен өңірде атқарылып жатқан шаралар жайлы қысқаша баяндап берді. Аймақтағы өнеркәсіп өндірісін дамыту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу сияқты маңызды істердің аяқ алысынан хабардар етті. Соның ішінде ірі трансұлттық компаниялар – «Тайсон Фуд», «Бауман» сияқты ірі инвесторларды облысқа тарту аймақ экономикасы үшін мультипликативтік оң әсерін тигізетін ауқымды жобалар екенін атап өтті.
- Бірінші жарты жылдықты қорытындылап қарағанда, облыста өнеркәсіп өнімі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, инвестиция сияқты негізгі салалардың барлығында өсім бар. Біз алдағы уақытта осы қарқынды жалғастырамыз. Оған біздің барлық мүмкіндігіміз бар, - деді А. Баталов.
Қазіргі ең өзекті мәселе – суармал сумен қамту, мал азығын дайындау. Жауынның аз түсуіне байланысты ауыл шаруашылығында қиындықтар туындамас үшін бұл мәселелер қатаң бақылауға алынғанын айтты. Облыста қант қызылшасы, жүгері сияқты дақылдар да сусыз қалмас үшін тиісті шаралар қабылдануда. Өңір басшысы жұмыс істеп тұрған Ақсу, Көксу қант зауыттарына қоса тағы 2 қант зауыты іске қосылатынын жеткізді. «Ол үшін суармалы алқаптың көлемін ұлғайтып, шамамен 2 млн. тоннадай қант қызылшасын жинаймыз. Одан кемінде 200 мың тонна ақ қант аламыз деген жоспарымыз бар. Сонда біздің облыс елдің қантқа деген сұранысының 70%-ін жаба алады», - деді А.Баталов.
Сол сияқты туризмді дамыту, соның ішінде Алакөл жағалауын тартымды ету, «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту жол картасы», «Нұрлы жер» бағдарламаларының орындалу барысы, елді мекендерге ауыз су, газ желілерін тарту, жол жөндеу, үш ауысымды мектептерді жою, балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту жайлы да кеңінен хабардар етті.
Өз кезегінде ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан өздері сайланған туған өңірге қызмет етуге бар күш-жігерлерін жұмсайтындарын айта келе, Үкімет мүшелерімен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қоян-қолтық жұмыс істеп жатқандарын жеткізді. Және осы сапарларында жетісулықтармен кездесіп, халықтың ұсыныс-тілектерін тыңдауға ниетті екендіктерін айтты.
Сол сияқты облыстан сайланған Әлия Әбсеметова Жамбыл ауданы Қарғалы ауылының жай-күйіне қатысты ұсыныстарын білдірді. Жастардың өз-өзін жетілдіруіне жағдай жасау үшін ауылға мәдениет үйі, спорттық нысан керек екенін айтты.
Амандық Баталов тиісті сала басшыларына тапсырма беріп, Қарғалы ауылына қатысты зерделеу жасап, тиісті құжаттар дайындауды тапсырды. Сол сияқты депутаттардың алдағы елге сапарларына сәттілік тілеп, жергілікті жерлерде жұртшылықпен кездесуге барлық мүмкіндік жасалатынын айтты.
Атап өтсек, бүгін, яғни 6 шілдеден бастап ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің бірқатар депутаттары аудан-қалаларды аралап, әлеуметтік маңызды нысандарда болып, халықпен кездесулер өткізеді.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.