
Алматы облысының әкімі
Амандық Ғаббасұлы Баталовтың
6 шілде – Астана күнімен құттықтауы
Құрметті Алматы облысының тұрғындары!
Сіздерді Астана күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Жаңа Қазақстанның елордасы Нұр-Сұлтан қаласы - тәуелсіздіктің символы, Елбасының төл туындысы, қазақтың кең байтақ даласына бас болған қасиетті төрі.
Астанамыз жылдан жылға толысып, Есілдің жағасында қанатын кеңге жайып, жайқала түсуде. Міне, биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ол өзінің жасампаз болмысымен әлемдік қоғамдастық алдында зор бедел, үлкен абыройға ие болған, қуатты экономикасы, бай руханияты мен бейбітшіл бастамалары бар шырайлы шаһар деңгейінде танылып отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың байыпты саясатымен Ұлттық стратегиялық мүдделерді бір арнаға тоғыстырып, Отанымызды қуатты да өркенді белеске бастап келеді.
Елорда - ел дамуының басты нүктесі, өңірлердің ілгерілеуіне серпін беретін тегеурінді тірегі. Еуропа мен Азияны жалғастырған алтын көпір, ажары айдай, адамдары жарқын жүзді, сәулеті көз сүйсінтер кіндік қала бәріміз үшін ерекше қымбат. Өз кезегінде Алматы облысының тұрғындары да астанамыздың, сондай-ақ тұтас еліміздің өсіп-өркендеуіне тілекші болып, үлестерін қоса береді деп сенемін.
Құрметті жетісулықтар!
Ардақты Атамекеннің алтын қазығы Нұр-Сұлтан қаласының төл мерекесі құтты болсын! Бас қаламыздың беделі артып, өрісі кеңейе берсін!
Сіздерге зор денсаулық, ашық аспан, отбасыларыңызға есендік, шуағы мол, шаттығы көп ғұмыр тілеймін!