Алакөл көліне су ағызу оқиғасына қатысты комиссия пікір білдірді

Алакөл көліне су ағызу оқиғасына қатысты комиссия пікір білдірді

Комиссия құрамына аудандық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы, экология, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және аудандық кәсіпкерлік бөлімі мамандары енгізіліп, комиссияға аудан әкімінің орынбасары Айдын Шалкенов төрағалық етті.

 

Комиссия төрағасы А. Шалкеновтің айтуынша, жұмысын биыл бастаған «Көктем Гранд» демалыс үйінің алдындағы балалар бассейнінің суы көлге құйылған. 

 

«Көлге ақпасу құйылған жоқ, жағалау таза. Құбыр арқылы көлден алынған судың өзі қайта көлге құйылған. Алакөлдің суы бассейнді толтыруға пайдаланылып, ешқандай қоспасыз қайтадан көлге құйылады. Су аптасына бір рет ауыстырылып тұрады. Демалыс үйінің артында көлемі мың текше метр болатын септигі бар, кәріз сулары соған құйылады. Қазіргі кезде санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары суды тексеріп жатыр, қорытындысы кейінірек белгілі болады. Егер судың ластанғаны дәлелденетін болса, онда тиісті шаралар қабылданады», - деді А. Шалкенов.

 

Аудандық комиисия қазіргі кезде тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары да судан зертханалық сынамалар алып жатқанын айтты.

 

Жалпы Алматы облысының Ақши ауылында 200-ден астам демалыс аймақтары жұмыс істейді. Демалыс маусымының басынан бүгінге дейін Алакөлге келушілер саны 2 млн. адамға жеткен.