
Наразы топтың сенімді өкілдерімен жүздескен С. Бескемпіров туындаған мәселені облыс әкімі Амандық Баталов тікелей бақылауына алғанын айта келе, жолға жауапты сала мамандарымен бірге туындаған мәселелерді шешу жолдарын талқылады.
«Жаңа трасса үйімізге тым жақын, жол биік салынған соң, үйіміз еңісте қалғандықтан күні ертең су басу қаупі де жоқ емес. Өмір қауіпсіздігі мәселесіне де алаңдаймыз», - дейді тұрғындар.
Осыған орай «Алматы ҚазАвтоЖол» АҚ Алматы облыстық филиалы тұрғындардың ауласына дейінгі жерді жолмен бірдей етіп тегістеп, қақпаларын көтеруді өз мойындарына алуға дайын екенін айтып отыр. Ал трасса бойындағы Қонаев көшесінің тұрғындары мемлекет немесе мердігер ұйым үйімізді толықтай сатып алсын немесе құны тең келетін басқа үйге айырбастап берсін деген талап қоюда.
Негізі тұрғындардың жылжымайтын мүліктерін алдын ала бағалау жұмыстары бұған дейін де жүргізілген. Бірақ ұсынылған баға бақтыбайлықтарды қанағаттандырмай отыр.
«Алматы ҚазАвтоЖол» АҚ Алматы облыстық филиалының басшысы Ж.Қобыландиннің сөзіне сүйенсек, бұған дейін мекеме өз қаржысына тұрғындардың үйлеріне бағалау жасатқан. Қорытындысында жылжымайтын мүліктер орта есеппен 2-3 млн. теңгеге, ең жоғарғысы 12 млн. теңгеге дейін бағаланған. Бірақ бағалау қорытындысымен тұрғындардың бірі келіссе, енді біреуі келіспейді. Сондықтан осы кездесуде жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындар бір келісімге келіп, бақтыбайлықтар бағалаушы компанияны өздері табатын болып шешті.
Жауапты мамандардың айтуынша, автожолдың дау туындатып отырған осы бөлігі жуырда жергілікті әкімдіктің қарауына берілмек. Себебі ұзындығы 18 шақырым болатын жаңа айналма жол салу жоспарланып отыр. Сөйтіп ауыл ішімен жүретін көліктердің легі едәуір азаятын болады.
Облыстық полиция департаментінің өкілі Ернар Сайдильдиннің айуынша, полиция қызметкерлері тұрғындар наразылық білдірген оқиға орнында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заңсыз әрекеттің жауаптылығы жайлы ұғындырды. Және осы акцияны ұйымдастырушылар мен белсенді қатысушыларына әкімшілік жаза қолданылатынын да атап өтті.
Еске салсақ, Бақтыбай ауылының оннан астам тұрғыны ауыл ішінен өтетін республикалық трассаны жауып, өз наразылықтарын білдірген болатын.