
Биылғы жылдың бірінші жартысында Алматы облысында 17 101 жұмыс орны құрылған. Соның 14038-і – тұрақты, 3063-і уақытша жұмыс. Одан бөлек, ашылған жұмыс орындарының ішінде мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар шеңберінде – 6746, жеке бастамалар бойынша – 10355 жұмыс орны ашылды. Тұрақты жұмыс орындарының басым бөлігі ауыл шаруашылығы, құрылыс, өнеркәсіп, көлік және логистика, білім беру, денсаулық сақтау салаларында екенін айта кету керек. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы З. Ілімжанова айтты.
2019 жылы нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағыты шеңберінде 3,5 млрд. теңгеге 10 477 адамды оқыту көзделген. Атап айтқанда, тегін кәсіптік-техникалық білім берумен 1,7 млрд. теңгеге 15-24 жастағы жастар қатарынан 1535, қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 1,8 млрд. теңгеге орта жастағы 8942 адам қамтылмақ.
Басқарма басшысының айтуынша, техникалық және кәсіптік білім бойынша кадрларды даярлау қыркүйек айында басталады. Қазіргі таңда контингентті қалыптастыру жүргізілуде. Ал қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 26 колледж бен 22 оқу орталықтарына 65 сұранысқа ие мамандықтар бойынша 4473 адам жіберілді. Оның 1711-і оқуды аяқтап, 575-і тұрақты жұмыспен қамтылды.