
Ескелді аудандық мәслихатының депутаттары Президент Әкімшілігінің келісімімен аудан әкімі лауазымына ұсынылған Рауан Тұрданғазыұлы Рақымбековке қолдау білдірді. Депутаттар келісімінен соң облыс басшысы аудан активімен жүздесіп, жаңа әкімді таныстырды.
Амандық Баталов алдымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы тарапынан берілген тапсырмаларға тоқталып өтті. Сонымен қатар ауданды дамытудағы басым бағыттарды атауды да ұмытқан жоқ.
- Бүгін облыста актив өткізіп, Президент жүктеген міндеттерді орындау жолдарын талқылаймыз. Соның ішінде аудан, қалалардың әкімдеріне жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау сияқты көптеген жауапкершілік жүктеліп отыр. Жалпы екі жыл ішінде Бағлан Сағындықұлы жақсы жұмыс істеді. Инвестиция тартуда оң көрсеткіштерге жетті, жаңа жобалар қолға алынды, әлеуметтік нысандар жөнделіп қалпына келтірілді. Дегенмен облыстағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына Бағлан Тәнекеновтей білікті маман қажет болғандықтан, бұл ауданды басқаруға жаңа әкім тағайындап отырмын. Коммуналдық шаруашылығы – аса үлкен, қыр-сыры мол сала. Оны кез келген адам басқара алмайды. Тәжірибесін, кәсіби біліктілігін ескеріп, облыста ақсап тұрған осы салаға Бағлан Сағындықұлын апаруды жөн көріп отырмын. Ал бұған дейін Қаратал ауданына басшылық еткен Рауан Тұрданғазыұлы Ескелді ауданының ауыл шаруашылығы саласындағы зор мүмкіндіктеріне жағдай жасап, шаруалармен етене жұмыс істеуі керек. Қант зауытын іске қосып, жандандыру – үлкен міндет. Алдағы ісіңнің жемісті болуын тілеймін! – деді А. Баталов. Сөзінің соңында Бағлан Тәнекеновке облыс әкімінің Құрмет грамотасы тапсырылды.
Өз кезегінде Б. Тәнекенов қай лауазымда да өзінің білімі мен тәжірибесін халықтың игілігіне арнайтынын жеткізсе, Р. Рақымбеков сенім үдесінен шығуға уәде берді.
Ескелді аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Қалабек Тастанбаев, «Хильниченко и К» командиттік серіктестігінің төрағасы Виктор Петрович Хильниченко жиын барысында ой-пікірлерін ортаға салып, жаңа әкімнің жұмысына табыс тіледі.
ТАҒАЙЫНДАУ
Алматы облысы әкімінің өкімімен Рауан Тұрданғазыұлы Рақымбеков Ескелді ауданының әкімі болып тағайындалды.
Рауан Тұрданғазыұлы РАҚЫМБЕКОВ
1980 жылы туған. І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін эколог және қаржы бакалавры мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын Талдықорған қаласындағы «Қайнар» ААҚ моноблок құю цехының қоймашысы болып бастаған. Әр жылдарда аталған кәсіпорынның қайта құю корпусының шебері, Талдықорған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының жетекші маманы, Талдықорған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекші маманы, Талдықорған қаласы әкімінің кеңесшісі, Талдықорған қаласы Өтенай селолық округінің әкімі, Текелі қаласы әкімінің орынбасары лауазымдарын атқарған.
2017 жылдың желтоқсанынан – Қаратал ауданының әкімі.
Хроника
Алматы облысы әкімінің өкімімен Бағлан Сағындықұлы Тәнекенов басқа жұмысқа ауысуына байланысты Ескелді ауданының әкімі қызметінен босатылды.