Қаратал ауданында - жаңа әкім

Қаратал ауданында - жаңа әкім

Алдымен аудандық мәслихат депутаттарымен кездесіп, аудан әкімі лауазымына Президент Әкімшілігінің келісімен Қайрат Найманбайұлы Бұлдыбаевтың кандидатурасын ұсынатынын жеткізді. Депутаттар бұл ұсынысқа бірауыздан қолдау білдірді.

 

Мұнан соң кездесу аудан активімен жалғасты.

 

Актив жиынын ашқан облыс әкімі Амандық Баталов күні кеше ғана Нұр-Сұлтан қаласында Үкіметтің кеңейтілген кеңесі өткенін, осы жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың облыс әкімдерінің алдына өңірлерді дамытуда үлкен міндеттер жүктегенін атап өтті. Бұл орайда Алматы облысының аудан, қалаларына да артылар жауапкершілік зор.

 

- Қайрат Бұлдыбаев тәжірибесі мол, сөзі аз, ісі мығым маман. Кабинетте отырмай, әр кезде ақсақалдармен ақылдасып, халықтың ішінде жүріп, аралап көріп, елдің жағдайымен танысып жұмыс істеу керек. Сонда іс нәтижелі болады. Жаңа әкім өзінің бар жиған тәжірибесін, алған білімі мен білігін өзіне сеніп тапсырылған өңірді дамытуға жұмсайды деп сенемін. Ал Рауан Тұрданғазыұлы жас та болса қабілет-қарымын танытып үлгерді. Осы бір жарым жыл ішінде атқарған жұмысына мін таға алмаймын. Рауанға сіздердің аттарыңыздан, өз атымнан істеген тындырымды ісі үшін алғыс айтамын. Жаңа жұмысқа тың күш-жігермен кіріседі деп ойлаймын, - деді А. Баталов.  

 

Өз кезегінде Рауан Рақымбеков ауданда соңғы бір жарым жыл ішінде атқарылған істерге қысқаша тоқталып өтіп, соның барлығы да жергілікті азаматтармен бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесі, облыс басшылығының қолдау екенін тілге тиек етті. Қоянқолтық жұмыс істеген әріптестеріне, аудан жұртшылығына рахмет айтып, жаңа әкімге сәттілік тіледі.

 

Аудан әкімі лауазымына тағайындалған Қайрат Бұлдыбаев көппен етене араласып, халықпен бірлесіп жұмыс атқаратынына сендіріп, өзіне зор жауапкершілік жүктеген облыс басшылығына ризашылығын білдірді.

 

Аудан жұртшылығы атынан еңбек ардагерлері Қ. Әбдікәрімов, Ұ. Досмолданова тілектерін жеткізді.

 

Жиын соңында облыс әкімі Амандық Баталов ауданның жаңа басшысының алдына қойылатын бірқатар міндеттерді атап өтті.

 

 

 

- Қазіргі кадр саясаты – басшылыққа маманды сырттан әкелу емес, осы өңірде жұмыс жасап жүрген азаматтарды өсіріп, қолдау. Өйткені олар елдің ішінде жүргендіктен халықтың жағдайымен таныс, аймақтардың мүмкіндіктерін, істің ретін жақсы біледі. Қайрат Найманбайұлы, ендігі жерде ауданға газ тартуда жеке инветорлармен жұмыс істеу керек. Соның негізінде аз қамтылған отбасыларының үйін көгілдір отынға қосуда жеңілдіктер қарастыруды ұмытпау керек. Ауыл шаруашылығын, әлеуметтік салаларды дамытуға жаңа серпінмен кіріс. Атаулы әлеуметтік көмекті шынында да қолдауға мұқтаж болып отырған отбасылар алуға тиіс. Сол басты назарда болуы керек. Білмегеніңді халықтан үйрен, елдің ішінде көп жүріп, көп көрсең, кез келген істің шешімі табылады, - деді А. Баталов. 

 

 

 

ТАҒАЙЫНДАУ

 

Алматы облысы әкімінің өкімімен Қайрат Найманбайұлы Бұлдыбаев Қаратал ауданының әкімі болып тағайындалды.

  

Қайрат Найманбайұлы БҰЛДЫБАЕВ

1963 жылы туған. Талдықорған индустриалдық-педагогикалық техникумын техник-механик, өндірістік оқыту шебері және І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін инженер-педагог мамандықтары бойынша бітірген.

 

Еңбек жолын Алматы облысы Рудник кентінде Талдықорған жүк тасымалдау автобасқармасы Көксу автокөлік кәсіпорнының шебері болып бастаған. Әр жылдарда аталған кәсіпорынның аға шебері, шеберхана меңгерушісі, кәсіпорын бастығы, «Автотехобслуживание» ЖШС директоры, Текелі қаласы Рудник кентінің әкімі, Талдықорған қаласы Өтенай селолық округінің әкімі, Талдықорған қаласындағы ШЖҚ «Көркейту» МҚК бастығы, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары лауазымдарын атқарды.

 

2016 жылдың наурызынан – Талдықорған қалалық мәслихатының хатшысы.

 

 

Хроника

 

Алматы облысы әкімінің өкімімен Рауан Тұрданғазыұлы Рақымбеков басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қаратал ауданының әкімі қызметінен босатылды.