Арыс қаласының балалары Жетісу өңіріне жазғы демалысқа келді

Арыс қаласының балалары Жетісу өңіріне жазғы демалысқа келді

Бүгін оларды Алматы қаласының теміржол вокзалынан Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Ысқақ пен облыстық білім басқармасының өкілдері күтіп алып, арнайы автобустармен Түргендегі "Тау жанашар" лагеріне жеткізді. Мұнда келген балаларды тамақтандырып, оларға қызықты бағдарлама әзірледі. Балалар бұл лагерде 20 күн болып, қалған 10 күнін Қапшағайдағы «Күншуақ» лагерінде өткізеді.

 

Естеріңізге салар болсақ, 1 шілде күні өткен брифинг барысында облыс әкімі Амандық Баталов Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары жайында жоспарымен бөлісе келе, арыстық балаларды тынықтырып, моралді-психологиялық қалпына келтіру шараларын жүргізіп, жаңа оқу жылына күш-қуат жинауына жағдай жасау үшін Жетісудың табиғаты таңғажайып жерлерінде орналасқан лагерьлерде 1 айлық демалыстары ұйымдастырылатындығын айтқан болатын.