
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен брифинг өтті. Брифингте Амандық Баталов Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалуы және соған сәйкес Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап берді, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Журналистерден тікелей байланыс режимінде және ZOOM бейнебайланысы арқылы, сол сияқты Орталық коммуникациялар қызметіне алдын ала келіп түскен жалпы саны 30-ға жуық сауал қойылды.
Сұрақтардың басым бөлігі індет кезінде жұмыстарды ұйымдастыру, инфрақұрылымдарды дамыту, санитарлық талаптарды сақтай отырып алдағы туристік маусымды ашуға дайындық тақырыптарына қатысты болды.
Тұрғын үй-коммуналдық сала, атап айтқанда, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу, сумен, газбен қамту мәселелері сөз болды.
Баспасөз мәслихаты барысында білім беру мен денсаулық сақтау проблемалары да тілге тиек етілді. Сұрақтарға жауап беру барысында облыс әкімі дәрі-дәрмекпен қамту, медицина ұйымдарында төсек-орынның жеткілікті болуы, коронавирустың алдын алу, медицина мамандары жетіспеушілігі мәселесін шешу, үш ауысымда оқыту проблемасын жою жөнінде қабылданып жатқан шаралар жайлы да айтты.
Журналистерді Gatе city серіктес қаласын дамыту жоспары, жыр алыбы Жамбыл Жабаев пен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың мерейтойлық шаралары, әлеуметтік маңызды азық-түлік бағасын тұрақтандыру, экология мәселелері де қызықтырды. Амандық Баталов өзіне қойылған барлық сұрақтарға толыққанды жауап берді.
Брифинг тіркелей эфирде «Хабар 24» телеарнасында, ОКҚ-ның әлеуметтік желілердегі парақшалары мен YouTube платформасында көрсетілді.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.