Медицина саласының үздіктері марапатталды

Медицина саласының үздіктері марапатталды

Шара аясында Мәдениет сарайының фойесінде облыстың 20-ға жуық медициналық мекемелері мен фармацевтикалық компанияларының қатысуымен көрме ұйымдастырылды. Аталған мекеме өкілдері келушілерді осы күнде атқарып жатқан жұмыстарымен және алдағы жоспарларымен таныстырды. Әрқайсымен жеке тілдескен Амандық Баталов өңір басшылығы қай бағытта көмек керек болса, сол бағыттағы қажетті қолдау көрсетілетіндігін жеткізді:

 

-    Барлық сұрақтар бойынша ұсыныстарыңызды беріңіздер. Мәселен, егер қандай да бір медициналық құрал-жабдық, қондырғылар сатып алу керек болса, материалды-техникалық базаны жаңарту қажет болса көмек көрсетілетін болады. Кадрлардың жетіспеушілігіне қатысты мәселені бірлесіп шешуіміз қажет. Біз өз тарапымыздан олардың баспана мәселесін шешудің жолдарын қарастырамыз. Елбасы саясатының арқасында денсаулық саласына зор көңіл бөлінуде, сондықтан да үнемі бірлесе жұмыс жүргізуіміз керек. Ал сіздер, бірінші кезекте көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға, еңбек жағдайын жақсартуға мүдделі болуларыңыз қажет, - деді А.Баталов.

 

Салтанатты жиынның негізгі бөлімі Алматы облысының денсаулық сақтау саласының жетістіктеріне арналған фильммен ашылды. Осыдан кейін жиналғандарды құттықтаған облыс әкімі Амандық Баталов:

 

-     Құрметті медицина қызметкерлері! Сіздердің таңдаған мамандықтарыңызда кездейсоқ адамның болуы мүмкін емес. Медицинаға тек жүрек қалауымен ғана барады. Сіздер Гиппократқа ант берген, алтын қолды, жұмысына жан-тәнімен берілген жансыздар. Бұл өз тарапынан азаматтарымыздың денсаулығы мен өмірін сақтаудағы сіздердің ең басты құндылықтарыңыз. Облыс тұрғындарының денсаулық жағдайына сараптама жүргізе келе, көптеген көрсеткіштердің жақсарғандығын байқауымызға болады. Қан-тамыр жүйесі ауруларынан болатын өлім санының азаюы, өкпе құрты ауру мен одан болатын өлім санының азаюы, денеде пайда болатын қатерлі өскіндерден болатын өлім санының азаюы – сіздердің жұмыстарыңыздың елеулі көрсеткіші. Бұл көрсеткішті алдағы жылдарда сақтап қана қоймай, одан да жақсартуға талпыну қажет, - деді.

 

Амандық Ғаббасұлы сөзін жалғастыра келе, алға қойылған маңызды тапсырмаларға тоқталды. Олардың қатарында азаматтардың өмір сүру жасын ұлғайту, ана мен бала және жалпы өлім санын азайту, жалпы тәжірибелік дәрігерлерге деген тапшылық мәселесін шешу қажет. Осы тұста облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасының басшысына өңірдегі кадр жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін медициналық жоғары оқу орындарында тегін оқу үшін гранттардың санын арттыру бойынша ұсыныс беруді тапсырды:

 

-    Мен атаған мәселелерді шешу үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар. Атап айқанда, сіздердің білімдеріңіз бен біліктіліктеріңіз, тәжірибелеріңіз бен мүмкіндіктеріңіз, ынта-жігерлеріңіз және мемлекеттің қаржылық қолдауы бар. Облысымыздың ардагер ақ халатты абзал жандарының салып кеткен сара жолы, медицина ғылымының соңғы жетістіктері мен сіздердің тәжірибелеріңіздің қосындысы - алдымызда тұрған ауқымды мәселелерді шешуге зор септігін тигізеріне сенімдімін. Баршаңызды тағы да шын жүректен кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, бақыт пен береке тілеймін. Мыңдаған науқас жанның дертіне шипа, сырқатына ем қондыра білген сіздерге үлкен алғысымды жеткіземін, - деп сөзін аяқтап, денсаулық сақтау саласының үздіктерін марпаттау рәсіміне көшті.

 

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай өткізілген облыстық байқаудың қорытындысы шығарылып, 8 номинация бойынша жеңімпаздар марапатталды. Атап айтқанда, «2019 жылдың Үздік дәрігері» атағын Алматы өңірлік онкологиялық диспансерінің хирург - дәрігері Естөре Қарғабаев жеңіп алды. Оған «Лада Гранта» автокөлігінің кілті табысталды.

 

«Алғашқы санитарлық - медициналық көмек көрсетудің Үздік дәрігері» атағын №1-ші қалалық емхананың педиатр-дәрігері Бэлла Валишанова, «Үздік ауылды елді-мекен дәрігері» атағын жалпы тәжірибе дәрігері, Қарасай ауданына қарасты Жамбыл ауылдық дәрігерлік амбулаториясының бас дәрігері Ақайша Сарина иеленді. Еңбегінің өтеуі ретінде жеңімпаздардың әрқайсысына 500 мың теңгенің сертификаттары мен әкім дипломы табысталды.

 

«Үздік медбике» атағына лайық деп танылған Сарқан ауданының орталық ауруханасының медбикесі Самал Сымжанова мен «Үздік фельдшер» атанған Іле ауданы Жауғашты фельдшерлік-акушерлік пунктінің фельдшері Айтолқын Гопаеваға 350 мың теңгенің сыйақысы табысталды.

 

Сондай-ақ кәсіби шеберлігі мен өз ісіне деген адалдығы үшін облыстың бірнеше ақ халатты абзал жандары өңір басшысының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болды.

 

Медицина қызметкерлерінің атынан сөз алған денсаулық сақтау ісінің ардагері Әшімғали Жұмагелдин, жас маман - Талдықорған қалалық емханасының терапевт дәрігері Ақбота Жұмағазиева мен облыстық көпсалалы балалар ауруханасының дәрігері Әл-Ақбар Бекұлы өз әріптестерін құттықтай келе, көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдауы мен көмегі үшін облыс басшылығына алғысын білдіре келе, халықтың денсаулығын жақсарту мен қызмет сапасын арттыру бағытында бар біліктіліктерін салып, талмай-тынбай еңбектенетіндіктерін жеткізді.

 

Жиынның салтанатты бөлімі облыстың шығармашылық ұжымдары мен әртістерінің әзірлеген концерттік бағдарламасына ұласты.

 

Естеріңізге сала кетер болсақ, өткен жылы Алматы облысында 15 жаңа денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Олардың ішінде онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік беретін ахуалдық орталықты ерекше атап өтуге болады. Аталған орталықтың мамандары ағымдағы жылдың 5 айында аурудың алдын алу мақсатында 80 717 адамның денсаулығын тексеріп үлгерді. Пайдалануға берілген өте маңызды тағы бір нысан ретінде облыстық балалар ауруханасы ішінен ашылған балалар мен неонаталды хирургия орталығын атап өткен жөн. Бұл нысанды іске қосудың нәтижесінде жаңа туылған сәбилер мен балаларға ота жасау үшін олардың денсаулығына қауіп төндіре отырып, республикамыздың өзге өңірлеріне тасымалдаудың қажеттілігі жойылды. Биылғы жылдың өткен 5 айының өзінде аталған орталықтың қабырғасында 383 сәтті ота жасалып үлгерді. Оның 156-сы - шұғыл ота және 18-і - жаңа туылған нәрестелерге жасалды.