
Ең алдымен атбасын бұрған «Жұлдыз» шағын ауданында салынып жатқан 20 пәтерлі коммуналдық үй қазір пайдалануға беруге толық дайын. Бұл үйлер күні ертең түрлі санат бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға, соның ішінде 4 көп балалы отбасыға беріледі. Облыс әкімі нысанның салыну сапасы мен айналасын абаттандыру ісіне оң баға берді.
Мұнан кейінгі нысан 7-ші шағын аудандағы 60 пәтерлік несиелік үй болды. Мұндағы құрылыс жұмыстары 95 % аяқталған, соған қарамастан жұмыс кестесінен кешігу орын алып отыр. Осыған байланысты нысанды іске қосу тамыз айына жылжыған. Облыс әкімі құрылыс жұмыстарын кестеден кешіктірмей атқаруды тапсырды. Бұл нысанның мердігер компаниясы «СурМАК» ЖШС қараша айында пайдалануға берілуі тиіс тағы бір 45 пәтерлі үйді салып жатыр. Өңір басшысы үйлердің ауласының аумағын абаттандыруға баса назар аударылу керектігін ескертті. Бұл ретте салынып жатқан екі үйдің бірнеше пәтері «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасымен берілетіні айтылды.
Қаланың жаңа шағын ауданында көп балалы отбасыларға арнайы салынатын көп қабатты үйлердің құрылысы үшін екі нүкте белгіленген. Болашақта құрылыс жүретін орынды барып көрген Амандық Баталов «LePes» инвестор компанияның өкілімен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылады. Кездесу барысында белгілі болғанындай, көп қабатты екі тұрғын үй салынады, оның біреуі – 125, екіншісі 90 пәтерлі болмақ. Алғашқы 120 отбасы Тәуелсіздік күні қарсаңында баспана кілттерін қолдарына алатын болады.
«Біз алдымызға жыл соңына дейін 600-ден астам көп балалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуді міндетін қойдық. Енді осы жаңа шағын ауданда жуық арада әдемі жаңа үйлер тұрғызылатын болады. Мердігер компанияға қойылатын басты талап – құрылысты мерзімінен кешіктірмей, сапалы жүргізу», - деп атап өтті А. Баталов.
Бір ауысымда 220 келушіні қабылдап, жалпы 18 мың адамды қамти алатын алғашқы медико-санитарлық көмек орталығынымен бірге салынатын үш 16 қабатты үйлердегі құрылыс жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ.
Тағы бір жаңалық – осы жерде арнайы бөлінген орында стартап-жобаларға арналған алаң - «Zhetysu HUB» IT орталығы орналаспақ. Заманауи ІТ-орталықта тегін және ақылы негізде кез келген жастағы балаларды, мектеп, колледж, жоғары оқу орындары түлектерін ақпараттық жүйелерді бағдарламалау мен құруға үйретеді. Бір және екі айлық курстар аяқталған соң тыңдаушылар ІТ-технология саласында табысты жұмыс істей алады. Бұл ретте тегін оқыту грант негізінде жүргізіледі. ІТ мамандарға қажеттілігі бар компаниялар алдымен оларды оқытып, содан кейін барып жұмысқа алады. Жүзеге асырылатын жобалардың негізгі міндеті – стартап-мәдениетті қалыптастыру, жастарды ІТ-индустрияға тарту, технологиялық бизнесті дамыту, колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыру. «Zhetysu HUB» IT орталығы қыркүйекте жұмысын бастайды. Ұсынылған орында инвесторлар барлық қажетті құрал-жабдықтарды орнататын болады.
Аралау барысында Амандық Баталов коттеджді қалашықта болып, оны дамыту жоспарымен танысты. Балабақшаның, 600 орындық мектептің және сауда орталығының құрылыс орны анықталған. Сонымен қатар 100 коттедж көп балалы отбасылар үшін арнайы салынады деп жоспарланып отыр, инвесторы «West Standart» компаниясы болмақ.
Коттеджді қалашықтың 2-ші кезегінің құрылысымен танысқан облыс әкімі дайын коттеджд
ерге қатысты бірқатар ескертпелер айтты. Шатыр торламасындағы кемшіліктерді жөндеп, кіреберіс күнқағар діңгегін не ауыстыруды не қаптауды тапсырды.
- Менің барлық ескертпелерімді ескере отырып, бір коттеджді толық аяқтаңдар. Сосын маған көрсетіңдер, егер ойдағыдай орындалса, сол үлгіде басқа коттедждерді де жасап шығасыңдар, - деді А. Баталов.
Облыс әкімі құрылысы жүргізіліп жатқан жүзу бассейні мен 288 орындық студенттер жатақханасында да болды. Екі құрылыс та кестеге сәйкес жүргізілуде, жұмыс сапасына ешқандай ескертпелер жоқ. Облыс әкімі қолданыстан бұрын екі нысанның да қаптама және өңдеу материалдарын, олардың сапасы мен түстік үйлесімдерін көрсетіп, келісуді тапсырды.
Аралауды түйіндеген облыс әкімі Амандық Баталов:
- Талдықорғанда қазір «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламалары бойынша тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде, несиелік тұрғын үйлер салынып жатыр. Бүгінгі қаланы аралау кезінде барлық құрылыс нысандарын қамтыдық, бірқатарына ескертпелер айтылды, соның бәрі дер кезінде орындалсын. Құрылыстың сапасын назар сала отырып, белгіленген мерзімінен кешіктірмей аяқтау - біздің басты талабымыз. Қазір МЖӘ шеңберінде жүзу бассейнін салып жатырмыз, оны келесі жылы қолданысқа беру жоспарланған. Жастарға арнайы заманауи ІТ-орталық құрдық. Жаңа шағын аудандағы кіріктірілген емхана қазір толығымен дайын. Мұның бәрі қаланың инфрақұрылымын дамыту, халыққа қолайлы жағдай жасау үшін жасалып отыр, - деді ол.