Қазақстанның Премьер-Министрі Асқар Мамин ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысын тексерді

Қазақстанның Премьер-Министрі Асқар Мамин ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысын тексерді

Алматы облысында ҚР Үкіметінің басшысына ұзындығы 355 шақырымдай болатын «Өскемен – Талдықорған» автожолының шығыс бөлігін реконструкциялау, ұзындығы 184 шақырым болатын «Үшарал – Достық» автожолын салу жобасы туралы баяндалды.
Асқар Мамин Ақши ауылындағы Алакөл көлінің қоршаушы бөгетінің құрылыс орнын тексерді. Нысан жағалауға жақын орналасқан ауылдардың 2,5 мыңнан астам тұрғынын толқындардың салдарынан қорғауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Премьер-Министр Алакөл көлінің жағалауындағы демалыс аймағын абаттандыру жұмыстарымен танысты. Өңірде 200-ден астам туристік нысан іске қосылған, 450 орынға арналған «QOQTEM GRAND RESORT» жаңа қонақ үй кешені пайдалануға берілуде. Биыл жаңа қонақ үйлер, сервис нысандарын салу арқылы туристік әлеуетті дамыту шаралары жалғастырылады. Биыл Алакөл көлінің оңтүстік жағалауына 1,3 млн турист келеді деп болжанған.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Шығыс Қазақстан облысы жолдарының учаскелеріндегі құрылыстың жоғары қарқынмен жүріп жатқанын атап өтіп, Алматы және Қарағанды облыстарының нысандары бойынша құрылыс жұмыстарының екпінін күшейтуді тапсырды. Қарқынды жұмыс режимі мен жеделдетілген жұмылдыру үшін жобалар құрылысының мерзімдеріне тиісті түзетулер енгізу қажет. Үкімет басшысы жергілікті тұрғындарды объектілерді іске асыруға тартудың, еңбекақы төлеудің қажетті жағдайларын қамтамасыз етудің және қазақстандық қамту үлесін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
«Инфрақұрылым жұмыс істеуі керек. "Өскемен – Талдықорған" және "Қарағанды – Алматы" жобалары бойынша міндет – 2020 жылы жолдағы қозғалысты ашу. Сапа мәселесі негізгі басымдықта болуы қажет», — деді А. Мамин. —  Алакөл көлінде туристік әлеуетті дамыту жұмыстарын жалғастыру қажет. Биыл шығыс және оңтүстік жағалауларға 2 млн-ға жуық турист келеді».