Жақсылық Үшкемпіровке Президенттің құттықтау хаты табысталды

Жақсылық Үшкемпіровке Президенттің құттықтау хаты табысталды

Саңлақ спортшыны туған күнімен құттықтаған Президенттің лебіз хатында: «Халқымыз өзіңізді даңқты палуан, ел ішінде сыйлы азамат ретінде жақсы біледі. Сіз республикамыздың спорт саласындағы орны бөлек, танымал қоғам қайраткерісіз. 1980 жылы Мәскеуде өткен ХХІІ Олимпиада ойындарында жеңіске жетіп, бүкіл әлемге танылдыңыз. Тәуелсіз мемлекетіміздің спорт саласының қалыптасуы мен дамуына қосып келе жатқан еңбегіңіз ел тарихында қалатыны анық. Денсаулығыңыз мықты болып, еңбегіңіздің жемісін ұзағынан көре беріңіз», - делінген.

 

Мемлекет басшысының хатын оқыған облыс әкімі А. Баталов өз тарапынан да ізгі тілегін білдіріп: «Сіздің спорттағы, еңбектегі жетістіктеріңіз бен жеңістеріңіз қашанда жас ұрпаққа үлгі», - деді. Ардақты азаматқа Алатау тауы мен Іле өзені бейнеленген сурет сыйға тартылды.

 

Өз кезегінде Жақсылық Үшкемпіров Президенттің атына өзіне білдірген ерекше құрметі үшін алғысын білдіріп, бұдан былай да туған ел үшін әрқашан шаршамай-талмай еңбек ете беретінін айтты.

 

Атап өтсек, бүгін Олимпиада чемпионы, Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровтің туған күні. Аты аңызға айналған палуан - 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасында алтын медаль алған тұңғыш қазақ. Бүгінде Алматы облысында «Жақсылық» шаруа қожалығын басқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, өскелең ұрпақты спортқа ынталандыруға үлес қосып келеді. Бизенстің әлеуметтік жауапкершілігіне зор ықылас танытып жүрген ірі меценат.