
Құрметті жетісулықтар!
Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Көктемнің осы бір шуақты мерекесін әрбір қазақстандық ерекше ықыласпен қарсы алады. Біз, барлық ұлттың баласы тәуелсіздігімізді нығайту үшін бір шаңырақ астында, бір мақсат, бір мүддеге жұмылып, тату-тәтті тірлік кешіп келеміз.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде «Жаңа қоғамға өтудің, қуатты мемлекет құрудың негізгі тетігі – саяси тұрақтылық», - деген болатын. Расында да сол бейбіт те берекелі ғұмырдың арқасында, Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде дамудың даңғыл жолына түскен, әлемдік қауымдастық таныған іргелі елге айналдық. Бұдан былай да тұрақтылық пен келісімді, ұлтаралық және дінаралық бірлікті нығайтуға үлес қосу әрқайсымыздың басты борышымыз болып қала бермек.
Ардақты жерлестер!
Алматы облысы - тарих тоғыстырған, тағдыр табыстырған көптеген этнос өкілдері ынтымақпен ғұмыр кешіп жатқан киелі өлке. Біз өмір жолымызды, тағдыр талайымызды жылдар бойы бір арнаға тұтастырып, бір мүддеге біріктіре алдық.
Бүгінгі шақта біздің ортақ міндетіміз – білек түре еңбек етіп, нық сеніммен алға басу. Біз тату тірлігіміз арқылы ғана биік белестерге, асқар асуларға қол жеткізе аламыз. Бірлігіміз бен елжандылығымыз қашанда біздің барлық игіліктеріміздің темірқазығы болып келеді.
Сіздерге осы мерейлі мерекеде мықты денсаулық, толайым табыс, ырыс пен ынтымақ тілеймін!
Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын!