Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың Алматы облысына жұмыс сапары басталды

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың Алматы облысына жұмыс сапары басталды

Жұмыс сапары алдымен Талдықорған қалалық жұмыспен қамту орталығынан басталды. Бұл жерде атаулы әлеуметтік көмек алу тәртібі егжей-тегжейлі қаралып, бірқатар тапсырмалар берілді. Сондай-ақ, облыста 2018 жылы 8294 адам жұмыспен қамтылып, оның 2681-і тұрақты жұмысқа орналастырылғаны, 3248-і қоғамдық жұмысқа тартылғаны сөз болды. Сонымен қатар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Зайда Ілімжанова көп балалы және аз қамтылған отбасыларын қолдау мақсатында өңірде әзірленген Әлеуметтік картаны көрсетті. Оның мән-маңызы туралы облыс әкімі Амандық Баталов кеңінен айтып берді.

 

Мұнан соң ресми делегация Талдықорған қалалық Халыққа қызмет көрсету орталығына атбасын бұрды. Осы саладағы атқарылған істермен, Әлеуметтік картаның электронды форматымен облыстық цифрлы технологиялар басқармасының басшысы Гауһар Шоқанова таныстырды. Оның айтуынша, биылғы жылдың 1-ші тоқсанында көрсетілген мемлекеттік қызметтің 77,6 %-і электронды форматта көрсетілген. Оның 80%-і – әлеуметтік салада. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру жүргізілуде. Биылғы жылы облыста тағы 11 мемлекеттік қызмет көрсету автоматтандырылады, мұның 9-ы – білім, 2-еуі - спорт саласында.

 

Жалпы атап өтсек, мұнда көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерінің саны 600-ден асады. Бұл бөлімшеге күніне орта есеппен 2 мың адам жүгінеді. Мәселен, осы орталық арқылы 2018 жылы 234 679 құжат берілсе, соның 59% электронды форматта көрсетілген.

 

Осы сапарында вице-премьер Г. Әбдіқалықова Талдықорғандағы Көрме кешенінде өңір жұртшылығымен кездесті. Кездесуге көп балалы аналар, аз қамтылған отбасылар мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар, еңбек ардагерлері, мүгедектер, мұғалімдер, дәрігерлер, жастар, «Nur Otan» партиясының мүшелері, кәсіпкерлер, жергілікті атқарушы органдар өкілдері қатысты.

 

Кездесуді ашқан Гүлшара Наушақызы Елбасының жаңа «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шаралары әрбір тұрғынның әл-ауқатын жақсартуды мақсат еткен жаңа әлеуметтік саясат шеңберінде жүзеге асырылатынын айтты. Басты міндет – халықты жұмыспен қамту, ал халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына мемлекеттік қолдау көрсету. Сол сияқты Г. Әбдіқалықова «Әлеуметтік қамқорлық» шаралары барлық өңірлерде өзінің тиімділігін көрсетіп жатқанына да тоқталды.

 

Басқосуда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев аз қамтылған отбасыларын қолдау мен халықтың кірісін ұлғайтудың қолға алынған жаңа шаралары туралы кең ауқымды баяндама жасады.

 

Білім саласындағы реформалар жөнінде Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова айтып берді.

 

Елбасының «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмаларының жүзеге асырылуы жөнінде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеттің төрағасы Мархабат Жайымбетов баяндады.

 

Кездесу соңында жұмыс тобының мүшелері залдан қойылған сұрақтарға жауап беріп, нақты түсініктемелер берді. Жетісулықтарды көп балалы отбасылардың тұрғын үймен қамтылу мәселесі, еріктілер қатарындағы студенттерді материалдық ынталандыру шаралары, колледждерге оқу гранттарын алу, көп балалы және аз қамтылған отбасыларының үйін табиғи газға қосуда көрсетілетін көмектер туралы мәселелер толғандырды. Сол сияқты кездесуге қатысушылар мүмкіндігі шектеулі жандарға, халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына, кәсіпкерлердің бизнестерін дамытуға жасалып отырған мемлекеттік көмектерге алғыстарын білдірді.

 

Мұнан соң үкімет басшысының орынбасары бастаған ресми делегация Б. Римова атындағы жаңа драма театрда және № 28 IT мектебінде болды. Мектепте жаңа білім нысанының мүмкіндіктері, IT сыныптары мен робототехника кабинеттерінің жұмысы көрсетілді. Сол сияқты спорттық және концерт залдарын, асханасын, ресурстық орталығын аралады. Бұл білім ошағы 2018 жылы пайдалануға берілген болатын. Мұнда 1,3 мың оқушы оқып жүр, 59 кабинеті бар, соның ішінде лингафондық және мультимедиялық, сол сияқты түрлі оқу шеберлік сыныптары мен зертханалар бар.

 

Үкімет басшысының орынбасары Талдықорғанда тұратын үш аз қамтылған отбасының үйлеріне барып, жағдайыларымен танысты. Мәселен, балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істейтін бес баланың анасы Татьяна Бекбердинова жаңа формат бойынша ай сайын 141 125 теңге алады, ал бұрын 74 мың теңге алған.

 

Жұмыс сапарының алғашқы күні «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы ғимаратында Г. Әбдіқалықованың жеке азаматтарды қабылдауымен аяқталды. Қабылдауда аз қамтылған отбасының отанасы Сәлима Тұраштың өз үйінен тігін ісін ашу, оған қажетті қаржылық мәселені шешу жөніндегі өтініші қанағаттандырылды. Өңір басшысына 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант беруді шешу тапсырылды. Мал шаруашылығымен айналысқысы келетін Сұлтанбек Күмісбек те микрокредит бөлу өтінішін жеткізді. Бұл мәселе де шешімін тапты.

 

Еңбек және халықты қорғау министрі Бердібек Сапарбаев та азаматтар үшін қаьылдау өткізді.

 

Осы кезде жұмыс тобының өзге өкілдері облыс өңірлерін аралады. Мәселен, Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов Ескелді ауданында, Білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова Талдықорған қаласы мен Көксу ауданындағы білім нысандарында, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеттің төрағасы М.Жайымбетов Текелі қаласындағы ТҮКШ нысандарында болды. Олар денсаулық сақтау, білім беру нысандарында, әлеуметтік мекемелер мен құрылыс алаңдарында елді мекен тұрғындарымен, мұғалімдермен, дәрігерлермен әңгімелесті. Азаматтарды қабылдап, тұрғындарды қызықтыратын сауалдарға жауап берді.

 

Сапар барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова журналистерге сұхбат беріп, Алматы облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы байқалатынын айтты. Әсіресе, Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының өңірде орындалу барысындағы жақсы көрсеткіштерін, көп балалы және аз қамтылған отбасыларын қолдауға арналған Әлеуметтік карта жасалғанын атап өтті.

 

Үкіметтік делегацияның жұмыс сапары әлі жалғасады.