
Басқосуда облыстағы Өңірлік кеңестің төрайымы Римма Салықова облыстағы кәсіпкерлерге қолдау көрсеткені, ашық әңгімеге тартқаны үшін А. Баталовқа ризашылығын білдірді.
- Біздің облыста әкімдік пен кәсіпкерлер арасында конструктивті диалогқа құрылған өзара тығыз қарым-қатынас қалыптасқан. Облыс басшылығының қолдауының арқасында «бір терезе» қағидасымен Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Кәсіпкерлігін жаңа бастаған және ісін дөңгелентіп отырған бизнесмендерге ол жерде тіркеуден бастап жобаларын жүзеге асыруға дейінгі қызметтің барлық түрі көрсетіледі. Біз көтерген көптеген мәселелер шешімін тапты. Бұдан әрі де кәсіпкерлік секторын дамыту мен оның өзекті мәселелерін шешуде бірлесіп жұмыс атқара береміз деп сенемін, - деді Р. Салықова.
Өз кезегінде облыс әкімі Амандық Баталов облыстың табыстары мен жетістіктері өңірдегі бизнестің өркендеуімен тікелей байланысты екеніне тоқталып өтті:
- 2018 жылдың қорытындысы бойынша өңірде негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің барлығында даму динамикасы байқалды. Бір ғана өнеркәсіп өндірісінің көлемі 884 млрд. теңгеге жетті. Мұнда өңірдегі бизнестің дамуының қосып отырған рөлі зор, - деді облыс әкімі.
Амандық Баталов ел Президентінің облыс әкімдерімен өткізген кездесуінде берген тапсырмалары туралы да айтты. Инвестиция тарту, өңірдегі іскери климатты одан әрі жақсарту басты назарда екенін жеткізді.
Облыс басшысы мемлекеттік қолдауды жүзеге асырудың тиімділігіне қатысты, кәсіпкерлікті дамытудағы аудан, қала әкімдіктерінің жұмысы туралы кәсіпкерлердің пікірін сұрады.
Бұл ретте Өңірлік кеңес мүшесі, Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Баниямин Файзуллин жер қатынастары туралы мәселе көтерді. Атап айтқанда конкурстар мен аукциондар өткізу, жер заңнамаларын қолдануға қатысты әңгіме өрбітті. Сол сияқты кездесуде мемлекеттік сатып алу саласындағы мәселелер, отандық тауар өндірушілерді қолдау туралы тақырыптар қозғалды.
Кездесу соңында облыс әкімі Амандық Баталов барлық көтерілген мәселелер егжей-тегжейлі зерделеніп, оң шешім қабылданатын айтты.