«Нұр-Сұлтан – еңселі Елордам!»: жетісулықтар астананың атын ауыстыруға қолдау білдірді

«Нұр-Сұлтан – еңселі Елордам!»: жетісулықтар астананың атын ауыстыруға қолдау білдірді

Саябақта «Алматы облысы Елбасымен бірге!» атты концерттік шара өтіп, оған Қанат, Айтүл Құдайбергеновтер, Мәдина Садуақасова, Жанар Дугалова, Төреғали Төрәлі сынды өнер майталмандары мен облыстағы өнер ұжымдары қатысты.

 

Аталмыш шараға аккумулятор батареяларын шығаратын «Қайнар АКБ» ЖШС, «АСПМК-519» холдингтік компаниясы мен «Шымыр» ЖШС бас демеушілік жасады.

 

Елордамыздың Елбасы есімін иеленуіне қолдау білдіріп, концерттік бағдарламаны тамашалаған бірқатар жетісулықтар өздерінің пікірін білдіріп, ой бөлісті.

 

 

 

Қалибек Алпысбаев, «Кең дала» шаруа қожалығының жетекшісі:

 

- Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан тәуелсіздігін нығайтудағы, еліміздің халықаралық аренада беделге ие болуындағы еңбегі өлшеусіз. Экономикамыз тұрақтанды, қай салада да жыл сайын жақсы көрсеткіштерге жетіп келеміз. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, ЭКСПО-ның жоғары деңгейде өтуі, Астананың ажарлы, айшықты қалаға айналуы біздің мәртебемізді көтерді. Сондықтан Астананың Нұр-Сұлтан аталуы лайықты шешім болды деп есептеймін. Тарихи тұлғаның осы ерен еңбегін қалай бағаласақ та, қалай құрметтесек те жарасады. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш!

 

 

 

Азат Жұмаханов, журналист:

 

- Астананың Нұр-Сұлтан деп аталуын қолдаймын. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қиын жылдардан Елбасының батыл шешім, салиқалы саясатының нәтижесінде бүгінгідей берекелі де мерекелі кезеңге жетіп отырмыз. Осы 30 жылдың ішінде қандай табысқа, қандай жеңіске қол жеткізсек, соның бәрінде Нұрсұлтан Назарбаевтың төккен тері мен қажыр-қайраты, қайталанбас қолтаңбасы бар. Астана – Елбасының төл туындысы, жас қала бүгінде жасампаз істердің ұйытқысына, сәулетті де, дәулетті шаһарға айналды. Қаланы Елбасының құрметіне атау туралы бастаманы көппен бірге мен де қуанышпен қабылдадым.

 

 

 

Эльмира Арынбаева, Қаратал ауданы, Калпе орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

 

Жақында бейбіт аспан астындағы бақытты елімізде Президенттің ауысу тарихи оқиғасына куә болдық. Осыған орай жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 20 жылдық тарихы бар Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан болып ауысты. Өзі негізін қалап, іргесін бекемдеген қалаға Елбасы есімінің берілуі бәрімізге жігер сыйлады. Елімізге ерен еңбегі сіңген тау тұлғаға осылай құрмет көрсетілуін мен де қолдаймын. Бүгін Жетісудың жүрегі Талдықорған қаласындағы «Жастар» саябағына келдік, концерт тамашалап, қолдау пікірлерімізді білдіріп жатырмыз. Алматы облысы қашанда Елбасымен бірге! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

 

 

 

Сайхан Тайсуев, ауыр атлетикадан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы, әлем рекордын жаңартқан спортшы:

 

- Жас спортшылар Астана атауын ауыстыруды қолдайды. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің еңселі, Астананың айшықты болуына сіңірген еңбегі зор. Біз, спортшылар, халықаралық деңгейдегі түрлі спорттық шараларға Қазақстанның жалауын биіктен желбіретсек деген жігермен барамыз. Өйткені мұндай шараларда біз ең алдымен Елбасының, елдің үмітін ақтап, сеніміне селкеу түсірмесек дейміз. Біз, жастар, Елбасының барлық бастамаларының қолдаушысы, Елбасын үлгі тұтар ұландарымыз. Астананың Нұр-Сұлтан аталғанына шын жүректен қуандым.