
Елдің түкпір-түкпірін аралап, халықпен жүздесудегі мақсат-міндеттеріне тоқталып өткен Бірғаным Әйтімова Алматы облысындағы сапарларын алдымен моноқала Текеліден бастайтындықтарын айтты.
- Сенаттың шешімі бойынша «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінен кейін депутаттарға өңірлерге шығып, Елбасы көтерген бастамалардың нақты қалай жүргізілетінін халыққа түсіндіру міндеті жүктелді, яғни көп балалы аналарға қандай көмектер беріледі, мүгедек бала асырап отырған отбасыларға қандай мүмкіндіктер жасалады, соның бәрін тұрғындарға ұғынықты етіп жеткізу тапсырылды. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан туындаған сауалдар мен проблемалар аудандық, облыстық немесе республикалық деңгейде шешілетін мәселе ме, болмаса заңнамаларға өзгерістер енгізу тұрғысынан шешуді қажет ете ме, соны анықтау да – осы сапарымыздың бір міндеті, - деді Б.Әйтімова.
Сенаторларды алдымен облыстың даму мүмкіндіктерімен таныстырған облыс әкімі Амандық Баталов өнеркәсіптің аяқ алысы, ауыл шаруашылығындағы басым бағыттар, туризмді өркендету шараларына тоқталып өтті. Сондай-ақ депутаттар сапарын басталағы отырған Текелі қаласының даму көрсеткіштері жайлы да айтып берді. Ондағы «Суффле Қазақстан ашытқы зауыты», Шойын балқыту зауыты, Тау-кен өңдеу кешені сияқты іргелі кәсіпорындардың шағын қала тұрғындарын жұмыспен қамтудағы үлкен рөліне тоқталды. Әкім өз сөзінде облыстағы әлеуметтік мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстарды да ұмыт қалдырған жоқ.
- Облыстағы өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылы 1 трлн. теңгеге жетті. Ал ауыл шаруашылығында бұл көрсеткіш 700 млрд. теңгеден асты. Бюджеттің кіріс бөлігінің артуы да облыста әлеуметтік мәселелерді шешуге үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Біз облыста Әлеуметтік карта дайындадық. Онда әрбір елді мекендегі көп балалы немесе тұрмысы төмен отбасы және олардың қандай көмекке мұқтаж екендігі туралы мәсліметтер толық енгізіліп отыр. Осы Карта әлеуметтік қолдау шараларында басшылыққа алынатын болады, - деді А. Баталов. Ол, сондай-ақ көп балалы отбасыларының үйлерін газға қосу, осы санаттағы отбасылардан шыққан балалардың жоғары оқу орындарында білім алуы үшін қосымша 100 грант бөлу, көп балалы аналардың қоғамдық көлікте тегін жүруі, үйлерге улы газды анықтайтын 16 мың датчик тегін орнату сияқты бірқатар шараларды атап өтті. Облыстағы әлеуметтік қолдау шаралары партия съезінен кейін қайта қаралып, өзгертіліп, толықтырылғанын тілге тиек етті.
Сонымен қатар әңгімелесу барысында облысты газдандыру, Президенттің 5 әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылу мәселелері туралы депутаттар қойған сауалдарға жауап беріп, осы бағыттағы атқарылған шаруаларды да айтып берді.
Кездесу соңында Б. Әйтімова облыс басшысының қабылдауы үшін ризашылығын білдірді. Текелі сапары барысында өнеркәсіп орындарын аралап көруге, халықпен жүздесіп, пікірлесуге, оған қоса Ханзада Ага Ханның халықаралық қоры Текелі қаласында салатын Орталық Азия университеті қалашығы құрылысына қатысты жұмыстармен танысуға мүдделі екендіктерін жеткізді. Аталмыш университет – халықаралық білім стандарттарына сай білім беретін, зайырлы ұстанымдағы айтулы оқу орындарының бірі болмақ.
Атап өтсек, Сенат депутаттарының Текелі қаласындағы бүгінгі сапары «Green House – Зеленый дом» ЖШС жылыжай кешенінен басталады, мұнан соң «Текелі тау-кен өңдеу кешені» ЖШС-да болып, Металлург шағын ауданының магистралды жылу жүйесін жаңғырту жұмыстарымен танысады. Сол сияқты олар Текелі қалалық ауруханасына, балалар мен жасөспірімдер туризмі мен өлкетану орталығына, «Орталық Азия университеті» құрылыс алаңына барады. Қала активімен кездесу өткізіп, Елбасының бастамасымен әлеуметтік көмек көрсету бағытындағы шаралардың нақты қалай орындалатынын түсіндіреді.