Съезд делегаттарының лебізі

Съезд делегаттарының лебізі

«Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толуына орай Астанада өткен кезекті XVIII съезде партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатын отбасыларға облыс, қала әкімдерінің қолдауы керектігін ескертіп, жергілікті бюджеттен әлеуметтік қажеттіліктерге қаржы қарастыруды тапсырды.

 

Осының өзі әлеуметтік мәселелерге мемлекет тарапынан лайықты көңіл бөліне бастағандығын көрсетеді.

 

Ермек Келемсейіт,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты

 

*  *  * 

 

«Нұр Отан» партиясының XVIII съезінің делегаты ретінде Елордамызда өткен ең ірі, маңызы зор саяси шараға қатысқаныма қуаныштымын. Әсіресе партия Жарғысына енгізілген бірқатар өзгерістер мен партия қызметіндегі жаңа бетбұрыстың негізгі идеясы менің көңілімнен шықты. Мәселен, Саяси Бюро өкілеттіліктерінің толықтырылуы, партия мүшелерін есепке алу тәртібі турасында айтылған нақты ұсыныстар партия басшылығының назарында болатынына сенімдімін. Шынында нағыз халықтық сипат алып отырған «Нұр Отан» партиясының алдыңғы кезеңге жобалаған жоспарларының ауқымдылығы мен маңыздылығын, өзге саяси ұйымдардан оқ бойы озық тұрғанын бүгінгі съезд көрсетті.

 

Жиында сөз алған партия Төрағасы, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы барша партияластарды айтулы мерекемен құттықтап, өткен кезеңде қол жеткізген жетістіктерді паш етті. Өз сөзінде: «Еліміздің экономикасы айтарлықтай өсті. Азаматтарымыздың кірісін 16 есе көбейттік. 141 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды», – деп көңіл қуантар мәліметтерді айтқан Мемлекет басшысы осынау табыс пен жетістіктің бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің жемісі екендігіне ерекше тоқталды.

 

 

Күләйхан Дәулетбекова,

«Нұр Отан» партиясы Ақсу аудандық филиалы төрағасының орынбасары

 

*  *  * 

 

Партияның кезекті съезіне Жетісу өңірінен 120-ға жуық делегат қатысып отыр. Талқылауда айтылған басты ой – «Қазақстан – 2030» Бағдарламасына сәйкес қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда, халықтың әл-ауқатын арттыруда партия нақты көмекті қолға алмақ. Біз болашақта қоғам мүддесінен шығатын, отбасы құндылықтарын қорғайтын, еліміздің медицина, білім беру саласы қызметінің жақсаруына жұмыла атсалысатын үлкен саяси ортаға айналмақпыз. Ол туралы ерекше тоқталып, келешекке межеленген міндеттердің орындалу жолын таныстырған Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасыларға 40 мың жалдамалы пәтер салу, көпбалалы отбасыларындағы әрбір балаға 21 мың теңгеден жәрдемақы беру, мүгедек балалардың ата-аналары мен тәрбиелеушілерге, қамқоршыларға берілетін жәрдемақы көлемін 30 пайызға ұлғайту сынды аса маңызды мәселелерді көпшіліктің назарына ұсынды. Сол арқылы қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру керектігін қайтара еске салды.

 

Серік Мұқанов,

облыстық мәслихат депутаты, партияның облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Қоғамдық кеңес төрағасы