
Кездесу күні кеше ғана дүниеден озған ауған соғысының даңқты батыры, Қарулы Күштер ардагері, «Қара майор» атанған Борис Төкенұлы Керімбаевты бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Алдымен сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев тарихтың қайғылы беттерінің бірі ауған соғысының зардаптары туралы айта келе, майданда мерт болғандардың есімін ел ұмытпайтынын, ал от пен оқтың ішінен аман оралған азаматтардың бүгінде тәуелсіз елдің дамуына еңбек сіңіріп жүргендерін атап өтті. «Өскелең ұрпақ үшін сіздердің жүріп өткен жолдарыңыз отансүйгіштіктің, патриоттықтың үлгісі болатыны сөзсіз», - деді ол өз сөзінде.
Облыс әкімі Амандық Баталовтың атынан алдымен ұрыс даласында мерт болған жауынгерлердің аналары мен әкелеріне, содан соң ауғандық ардагерлерге марапаттар тапсырылып, құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, облыс әкімінің Алғыс хаты, Құрмет грамотасы, Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 30 жыл толуына орай мерейтойлық медальдар, ақшалай сыйлықтар берілді. Жалпы, осындай мерейтойлық медальмен облыстың 1900 азаматы марапатталатынын да атап өту керек.
Марапат иелері де өз аттарынан ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.
Шара соңы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында ауғандық ардагерлер үшін облыстық өнер ұжымдары дайындаған концертке ұласты.