
Өз сөзінде Алмас Әділ ауданның 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына тоқталып, өнеркәсіптегі, ауыл шаруашылығындағы, құрылыс, шағын және орта бизнестегі, әлеуметтік саладағы атқарылған істер мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.
Мәселен, аудандағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 17 млрд. 134 млн. теңгеге жетіп, 2017 жылмен салыстырғанда 5 млрд. теңгеге жуық көлемге артқан. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібі басымдыққа ие, яғни өндіріс көлемінің 94,9 % құрап отыр. Соның ішінде «Уыз Май Industry», «Көксу қант зауыты» ЖШС, «Строитель» ЖШС кәсіпорындарының үлесі зор.
2019 жылы ауданда құны 4 млрд. 900 млн. теңге болатын 5 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында қоспа жем шығаратын зауыттың құрылысын, сүт-тауарлы фермасын кеңейту, сүт өңдеу желісін атап өтуге болады.
Тұрғын үй құрылысы бойынша 2019 жылы Балпық би ауылында 50 пәтерлік жалгерлік үйдің құрылысын жүргізу, 20 пәтерлік үйдің инженерлік-коммуникациялық жүйесін тарту, 60 пәтерлік жалгерлік үйдің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жоспарланып отыр. Балпық би ауылында жеке инвестиция есебінен 20 және 32 пәтерлік үйлер салынып, олар «7-20-25» бағдарламасы бойынша өткізіледі.
А. Әділдің айтуынша, Көксу қант зауытының жылыту жүйесі толықтай табиғи газға көшірілген. Алдағы уақытта аудан орталығын газдандыру мақсатында орталық қазандықты көгілдір отынмен жылыту жүйесіне қосу жұмыстары аяқталуға жақын.
Халықты жұмыспен қамту шаралары аясында 1396 адам жұмыспен қамтылған. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына 1963 адам қатысады деп жоспарланса, олардың саны 2899 адамға жетіп, 131 млн. теңге игерілген.
Тұрғындар тарапынан қойылған бірнеше сауалға аудан әкімі нақты жауаптар берді. Сауалдардың мазмұны негізінен ауданды газдандыру, Көксу стансасы мен Айнабұлақ ауылдарына дәрігерлік амбулаториялар салу, ауылдық округ әкімдіктерінің ғимараттарын жөндеу, елді мекендерді көгалдандыру т.б. турасында болды.
Өз кезегінде облыс әкімі Амандық Баталов жалпы облыс бойынша 2018 жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтағанын атап өтті.
- Жуырда Елбасы Үкіметтің кеңейтілген кеңесін өткізіп, аймақтардың дамуына ерекше назар аударып, міндеттер жүктеді. Соған сәйкес облыстың экономикалық даму мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтуіміз қажет. Көксу мен Ақсу қант зауыттарын іске қостық. Олар жиналған өнімді қазірге дейін өңдеп жатыр. Ертең ирригациялық жүйелерімізді қалпына келтіріп, суармалы жерлердің көлемі артқан кезде, қант қызылшасы алқабы да ұлғаяды, сонда бұл екі зауыттың қуаттылығы бізге аздық ете бастайды. Сол үшін алдағы уақытта Алакөл және Қарабұлақ қант зауыттарын қайта жаңғыртсақ, одан басқа тағы бір қант зауытын салсақ деген жоспарымыз бар. Елбасы импортты азайтып, экспортты ұлғайту туралы тапсырма берді. Сондықтан бір ғана Көксу қант зауытын және басқа да ұсақ өндірістерді көңілге тоқ санап отырмай, ауданға инвестиция тарту жұмысын жүргізу керек. Ауданның сол бағыттағы жұмысы ақсап жатыр. Ауданда темір жол бар, автокөлік жолы жасалған, осы мүмкіндіктерді пайдаланып, әлеуетті инвесторлармен жұмыс істеңдер, өңдеуші кәсіпорындарды ашыңдар. Құрылыс жұмыстарының көлемі де біршама түсіп кеткен. Газдандыру мәселесіне тар шеңберде қарамай, Көксу ауданын газдандырудың Жол картасын әзірлеңдер. Сонда қай ауылға газ қай кезде жетеді деген ақпарат көпшілікке түсінікті болады. Жіберілген кейбір кемшіліктерді жойып, белсене жұмыс жаса, жалпы 2018 жылғы атқарған жұмысыңа көңілім толады. Жассың, сондықтан жарқын ойлармен, жаңаша қарқынмен жұмыс істеуге тиіссің, - деді А. Баталов аудан әкіміне қаратып.
Жарыссөзге шыққан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Қалдыбек, Б. Құндақбаева атындағы № 1 мектептің физика пәнінің мұғалімі Әлібек Көкенов аудан әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деп баға беріп, аудан орталығындағы саябақты қайта жаңғырту, Мұсабек және Жарлыөзек ауылдарына мәдениет үйлерін салып беру, Балпық би ауылын көгалдандыру мәселелерінде облыс әкімінің қолдауын сұрады. Облыс басшысы А. Баталов өз кезегінде айтылған проблемаларды шешуді назарға алатынын айтты.
Жиынға қатысушылар А. Әділдің жұмысына бірауыздан жақсы баға берді.