
Алматы облысының нақтыланған бюджеті 747,3 млрд. теңгені құрады. Бұл туралы облыстық мәслихаттың онлайн режимде өткен IV кезектен тыс сессиясының барысында белгілі болды. Сессия барысында облыстың 2021-2023 жылдарға арналған бюджетіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар талқыланды. Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов қатысты, - деп хабарлайды облыс әкімі баспасөз қызметі.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірхановтың айтуынша, нақтыланғаннан кейін облыс бюджеті 747,3 млрд. теңгені құраған. Енгізілген өзгерістер мен толықтырулар экономиканың барлық салаларын одан әрі дамытуға бағытталған. Әсіресе, әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлінген. Мәселен, білім саласын дамытуға - мектеп кітапханаларын жаңғыртуға, білім беру ұйымдарында бейне бақылау жүйесі мен пандустар орнату және бұл мекемелерге күрделі жөндеу жасауға 2,5 млрд. теңге бөлінеді.
Әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамту салаларына қосымша 883,6 млн. теңге бағытталады, соның 110 млн. теңгесі - жартылай стационар жағдайында психоневрологиялық сырқаттары бар ересектер мен балаларға арнайы мемлекеттік қызмет көрсетуге, 19,5 млн. теңге - тұрмыстық қиын жағдайда қалған адамдарға түнейтін үй ашуға жұмсалады. Энергетика және ТҮКШ салаларына ерекше көңіл бөлінген. Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жалғасады. Сол сияұты, мәдениет, спорт, туризм, жер қатынастары, көлік және коммуникация, құрылыс, кәсіпкерлік сияқты салаларды дамытуға да қосымша қарды бөлінеді. Мәселен, бизнесті қолдау мен дамытуға бағытталған "Бизнестің жол картасы - 2025" мемлекеттік бағдарламасы аясында іс-шараларды жүзеге асыруға 100 млн.теңге бөлінді.
Осы және басқа да мәселелер сессия барысында талқыланып, депутаттар тарапынан облыс бюджетін нақтылау мәселелері бір ауыздан қолдау тапты.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.