Бізге үлкен серпін берді

Бізге үлкен серпін берді

Ал Елбасының сөзі бойымызға жігер беріп, патриоттық сезімімізді ұштады. Біздің Қазақстанның болашағын қалайтын азаматтар екен-дігімізді тағы бір мәрте терең сезінуімізге мүмкіндік ашты. Елбасы биылғы жылды – Жастар жылы деп жариялауы тегіннен-тегін емес. Бұл бізге берілген үлкен мүмкіндік. Біз тәуелсіз елдің ұрпағы Елбасының салиқалы саясатын жүзеге асыру арқылы жастардың қолынан не келетінін дүниежүзіне танытуымыз керек. Олардың қолынан қандай іс келетінін сөзбен емес, іспен дәлелдеуіміз қажет. Осы орайда, биылғы Жастар жылында мен бірнеше жоба құрастырдым. Ол өз мамандығым бойынша және одан тыс бастамалар. Соның бірі – Алматы облысында жастардың арасында дебат клубын ұйымдастыру, екіншісі экотуризмді қалыптастыру. 

 

Елбасы бүгінгі жастарға қарата айтқан сөзінде де еліміздің көрікті жерлерінің бәрін аралағанын, әсіресе Алматы облысында мақтан тұтарлық жеріміздің көп екендігін атап өтті. Бізде Шарын шатқалы, Алтынемел сынды өзгелерге мақтанышпен көрсететін табиғи бай-лығымыз жетерлік. Соны қолжетімді етіп туризмді дамыта білсек, еліміздің абыройы бұдан бетер арта түседі деп ойлаймын. 

 

Сондай-ақ, Елбасы «Ақыл жастан, асыл тастан» дей келе жастарды сапалы білім алып, ғылымды дамытуға, өркениет көшінен қалмай уақыт талабына сай адымдауға шақырды. Жас ғалымдарды қолдау мақсатында бөлінетін грант көлемін екі есе арттыруды тапсырды. Бұл бізге үлкен серпін берді.

Дидар Жұмахан,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті құқық және экономика факультетінің 2-курс студенті.

 

*  *  * 

Еңбек мерей өсіреді

 

Елорда төрінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Жастар жылының ашылу салтанатын теледидардан тамашалап, үлкен әсер алдым. Жастарды әрдайым қолдайтын Мемлекет басшысының сөзі, тікелей эфирде атаулы жылдың тұсауы кесілуі мені ерекше тебірентті.​

 

Мыңдаған шақырымдағы алыс ауылда болсам да өзімді сол сәтте осы жиында отырғандай сезіндім. Еліміздің ең белсенді, ең табысты жастарының басқосуында шығып сөйлеген құрбы-құрдастарыма риза болдым. Сөздерінен олардың білімділігі, ойының жүйріктігі сезіліп тұрды. Ой-пікірлерімен бүкпесіз бөлісіп, батыл ұсыныстарын білдіруі өзім сияқты ауылдық жерде тұратын талай жасқа ой салады деп ойлаймын.

 

Мені атыраулық Тамиля Розметованың тірлігі қатты қызықтырды. Өйткені мен алыстағы ауылда мал шаруашылығымен айналысып, қой өсіремін. Оның асыл тұқымды ешкі өсіріп, одан алынған өнімді өндірістік жолға қоя білуі мені таңғалдырды әрі қызықтырды. Атакәсіптің шынайы жанашыры ретінде таныстырылған ол ешкі сүтін өңдейтін кәсіпорынның жұмысын жүргізіп, сүттен 15 түрлі өнім өндіреді екен. Ұжымында негізінен өзі сияқты жастар еңбек етеді. «Жер мені өсірді, жермен көркейдім» деген сөзінен қасиетті қара жерге деген махаббаттың лебі еседі. Аянбай жұмыс істесек, жаннатты өз қолымызбен орнатамыз деп батыл ұсыныс айтқанына тәнті болдым. 

 

Ата дәстүрді жалғастырушы бүркітші қыз Айшолпан  Нұрғалиқызының, еліміздің солтүстік өңіріндегі Ақсу зауытының металл қорытушысы Александр Шутовтың сөздері де көңілімнен шықты.

 

Еламан ҚҰМАРБЕК, шопан, 

Жамбыл ауданы,  Мәтібұлақ ауылы,