Minister of Health visited Almaty region

Minister of Health visited  Almaty region

Алматы облысына жұмыс сапарымен Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой келді. Медициналық мекемелердің жұмыс жайымен танысқан министр облыста атқарылып жатқан коронавируспен күрес шараларына, соның ішінде вакцина салу кампаниясы мен денсаулық сақтау мекемелерінің дайындығына да оң баға берді,  - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Министр сапарын алдымен Талдыбұлақ дәрігерлік амбулаториясынан бастады.  

Облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов ауылдарда амбулаториялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін биылғы жылы өңірде 25 денсаулық сақтау нысаны іске қосылатынын айтты. Соның 20-сы блокты-модульді медициналық пункт болмақ. Қазіргі кезде облыста коронавируспен күреске 30 медициналық ұйым тартылған, 4500-дей төсек орын дайындалды, медициналық құралдармен жабдықталу 89%-ке жеткізілді.  1,1 млн. адам вакцинация салдыра алады, бүгінгі күнге соның 60 мыңы салдырған. Бұл ретте өңір жаппай вакцина алуға дайын. 239 егу пункті, 134 көшпелі бригада дайындалды. Әр пункттің қабылдау мүмкіндігі 7 мың адамнан асады, ал қажет болған жағдайда пункттердің саны 1016-ға жеткізіледі.

Ауылдық амбулаторияның жұмысымен танысқан ведомство басшысы халық арасында вакцинаның пайдасы жайлы кеңінен түсіндіру керектігін еске салды.

- Қазір вакцина егу жұмысы қарқынды жүріп жатқанын көріп отырмыз. Халықтың вакцинаға деген сенімі артып келеді. Егілген адамдардың саны да күн санап өсуде. Мәселен, кешегі күні 70 мыңдай адам вакцина салдырды. Бүгін жарты миллиондай адам вакцина алды. Вакцина қажетті тиімділігін көрсетіп отыр. Жеткізу бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Халыққа вакцина тегін салынады, - деп атап өтті елдің бас дәрігері.

Алексей Цой жылжымалы медициналық кешеннің мүмкіндеріне куә болды. Бүгінгі күні облыста мұндай 17 кешен бар. Бұл заманауи «дөңгелекті емханалар» мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге, ауылдағы салалық мамандардың жетіспеушілігінің орнын толтыруға мүмкіндік береді. Оларда жалпы тәжірибедегі дәрігердің, акушер-гинекологтың қабылдау кабинеттері, сәулемен емдеу бөлмесі, анализ өткізу орны, дәріхана пункті бар. УЗИ, рентген түсіруге де мүмкіндік жасалған. Енді осы жылжымалы кешен базасында егу пункттері жұмыс істейтін болады.

Ақдала ауылына келген Алексей Цой осындай жылжымалы кешен базасында медициналық көмек көрсетілгеніне куә болып, вакцина салдыруға келген азаматтармен тілдесті.

«Бүгін коронавирусқа қарсы вакцина салдырдым. Ол үшін ауруханаға барудың қажеті болған жоқ, екпені ауылға келген жылжымалы кешеннің ішінде салып берді. Бұл біз үшін қолайлы», - деп жергілікті тұрғын Асхат Ниязов өз пікірін жеткізді.

Денсаулық сақтау министрінің сапары бұдан әрі Еңбекшіқазақ ауданында жалғасты. Мұнда А. Цой саяжай қауымдастығы тұрғындарына арналған қосымша егу пунктінің және Еңбекшіқазақ ауданындағы ауданаралық көп салалы аурухана базасында құрылған Озық тәжірибелер орталығының жұмысымен танысты. Осында ол аудан, қала әкімдерімен, өңірдің медициналық мекемелері басшыларымен өткен онлайн жиынға қатысты.  

Алматы облысына жасаған жұмыс сапарын қорытындылаған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой:  

- Алматы облысында ауылда медициналық көмек көрсету жақсы жолға қойылған. Вакцина егу кабинеті, тиісті температураны ұстап тұратын тоңазытқыш контейнерлері бар. Өңірде барлық күш жұмылдырылған. Санитарлық көлікпен қамту жоғары деңгейде. Дәрі-дәрмек қоры мен жеке қорғаныс заттарының қоры жеткілікті көлемде. Төсек-орын, құрал-жабдықтар жағынан да, медицина мамандарының дайындық деңгейі жағынан да бар мүмкіндік жасалған. Абыр-сабыр жоқ, халық қайда, кімге барып жүгінуге болатынын біледі, емдеудің айқын схемасы қалыптасқан. Жалпы Алматы облысы коронавируспен күрес жөніндегі регламентке сәйкес алға қойылған міндеттерді жақсы деңгейде орындап отыр, - деді А.Цой.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.