Алматы облысында 1-тоқсанда сыбайлас жемқорлық фактілері азайды

Алматы облысында 1-тоқсанда сыбайлас жемқорлық фактілері азайды

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен Алматы облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндеі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында облыс аумағында 2021 жылғы 1 тоқсанда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру нәтижелері талқыланды. Селектор режимінде өткен жиынға өңірдің аудан, қалаларының әкімдері қатысты. Белгілі болғанындай, қабылданған кешенді шаралардың арқасында тіркелген қылмыстар саны облыс көлемінде 42,6%, сыбайлас жемқорлық қылмыстар саны 36,4% азайған, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиында баяндама жасаған Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ернар Мақажанов алдын алу шараларын белсенді қолдану өзінің оң нәтижелерін көрсетіп отырғанын айтты.

- Мемлекет басшысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің алдына қойған міндеттеріне сәйкес біз өз қызметімді екі негізгі бағытта – бірінші кезекте, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында ұйымдастырып келеміз. Алдын алу шараларын дер кезінде қабылдаудың нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаудың ауқымды бөлігін болдырмауға болады. Халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттау бұл бағыттағы шешуші новаторлық элемент. Жедел іздестіру жұмыстарында санға емес, сапаға, яғни мемлекетке залал және мемлекеттік қызмет беделіне нұқсан келтіретін сыбайлас жемқорлық қылмыстың ауыр және аса ауыр құрамдарын анықтауға, жолын кесуге, қылмысты ашу мен тергеуге басымдық беріледі. Алдын алу шараларына басымдық беру өзінің оң нәтижелерін көрсетуде. Мәселен, биылғы жылдың 1-тоқсанында облыс бойынша тіркелген қылмыстар саны 42,6%, ал сыбайлас жемқорлық қылмыс 36,4% төмендеген, - деді Е.Мақажанов.

Баяндамашы биылғы жылдың басынан күшіне енетін Еңбек кодексіне енгізілген түзетулер жайына да тоқталып өтті. Түзетулерге сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған азаматтарды квазимемлекеттік сектордың кез келген лауазымына қабылдауға толықтай тыйым салынған. Сол сияқты Е.Мақажанов сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру мәселелерінде азаматтардың, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер өкілдерінің белсенді қатысуы туралы да сөз қозғады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру бойынша 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының» облыстың жергілікті атқарушы органдарында орындалу сапасына сыртқы талдау жасайтын арнайы мониторинг тобының жұмысы туралы топ жетекшісі Виктор Тен баяндады. Ол мониторинг тобының қызметі қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталғанын айтты.

В.Теннің сөзіне сүйенсек, сыртқы және ішкі мониторингінің нәтижесінде сыбайлас жемқорлық қауіптері анықталып, ұсыныстар беріледі, яғни сыбайлас жемқорлық заң бұзушылықтарды азайтуға ықпал ететін алдын алу шаралары белсенді қолданылады.

Мониторингтік топтың жүмыс сапасын арттыру үшін баяндамашы  облыстың аудан, қалаларына тұрақты шығып тұруды, соның ішінде тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру мен мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті жерлерде тиімді орындалуына талдау жасауды ұсынды. Бұл ұсыныс облыс әкімі тарапынан қолдау тауып, бірлескен жұмыс ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған стратегиясының алға қойған маңызды міндеттеріне қол жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сол сияқты жергілікті жерлердегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның іске асырылуы туралы Қапшағай қаласының әкімі Нұрлан Құматаев баяндады.

«Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жұмысының қорытындылары туралы облыс әкімінің орынбасары Рустам Али хабарлады. Оның айтуынша, жобалық кеңсенің аясында жыл басынан бері түрлі бағытта 116 мониторинг жасалған, 30-дан астам кездесу өткізілген. Бүгінгі күні «Жетісу - адалдық алаңында» бірқатар маңызды жобалар іске асырылуда, сол қатарда тұрғындардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Мобильді ауыл», «Сіз білесіз бе?» жобалары да бар.

Күн тәртібіндегі келесі бір мәселе мемлекеттік қордан тұрғын үй бөлу жөніндегі тұрғын үй комиссиясы жұмысының ашықтық қағидаттарын қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар жайлы болды. Бұл жөнінде Талдықорған қаласының әкімі Ержан Жасыбаев пен Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев айтып берді.

Баяндамашыларды тыңдаған Амандық Баталов: «Тұрғын үй комиссиясы жұмысының айқындығын, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін үйге кезегінің ашықтығын қамтамасыз ету жұмыстары барлық аудан, қала әкімдеріне қатысты. Бүгінгі күні облыс бойынша түрғын үй кезегінде 55 мыңнан астам адам тұр. «Нұрлы жер», «7-20-25», «5-10-20», «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламалары кезекті азайтуға зор ықпал етіп отыр. Тұрғындар өздерінің баспаналы болуына қандай мүмкіндіктер бар екенін білуі үшін халық арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу керек. Жалпы биылғы жылы облыста 318 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосу жоспарланған. Кезекте тұрғандарды 2025 жылға дейін тұрғын үймен толық қамтамасыз ету үшін бізге жылына 300-350 мың шаршы метр үй салу керек. Жер учаскелерін бөлу, инфрақұрылыммен қамту, жобалау – мұның бәрі едәуір уақытты алады. Сондықтан бір үй пайдалануға беріліп жатқанда, екінші үй салынып жатуы тиіс. Әрбір әкім кешенді құрылыс жүргізу мәселесімен күнделікті айналысуы керек. Әсіресе, халық тығыз қоныстанған Алматы маңындағы аудандарда бұл жұмыс екі есе қарқынды болуы тиіс. Сонда ғана іс нәтижелі болады. Осы орайда түрғын үй кезегінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету шараларын қабылдауды назардан шығармау керек», - деді Амандық Баталов.

Жиын соңында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Дәурен Жолжанов сөз алып, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасының өңірде орындалу барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, осы бағдарлама аясында құрылыс басқармасы 22 нысанның құрылысын жоспарлаған, соның 11-і 2020 жылы іске қосылды: Жамбыл, Балқаш аудандарында 2 балабақша, Жамбыл ауданы Сұраншы батыр ауылында және Сарқан ауданындағы Қарабөгет ауылында 2 мәдениет үйі, Еңбекшіқазақ ауданы Көктөбе, Қорам ауылдарында, Іле ауданы Тілендиев ауылында, Қарасай ауданының Іргелі ауылында, Көксу ауданының Айнабұлақ ауылында, Панфилов ауданының Пенжім ауылында, Жамбыл ауданының Үңгіртас ауылында 7 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Соның арқасында жұмыспен қамту орталықтары арқылы 500-дей адам жұмысқа тұрды. «Осы бағдарламамен салына бастаған 11 нысанның құрылыс жұмыстары 2021 жылы да жалғасады. Бұл – инфекциялық аурухана, өнер мектебі, 3 денсаулық сақтау нысаны, арнайы қызмет көрсету орталығы, аудандық мұрағат. Бұл нысандарды іске қосу жыл соңына жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, биылғы жылы «ЖЖК» бағдарламасы бойынша 7 мектеп, Алакөл ауданындағы «Жалын» қала сыртындағы балалар лагері, тез салынатын модульді 12 мектеп тұрғызылады. Бұл мақсаттарға 30 млрд. теңгедей қаржы бөлінеді», - деді  Д.Жолжанов.

Жиын қорытындысында Амандық Баталов барлық мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлықпен күресте бірлесіп жұмыс істеуі керектігін атап өтті.

«Әрқайсыларыңыздың қызметтеріңіздің негізінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиялар белгіленген міндеттер болуы тиіс. Бірлескен жұмысымыздың нәтижесі қазірдің өзінде бар, көрсеткіштер төмендеді. Бірақ жол беруге болмайтын жекелеген фактілер әлі де орын алып отыр. Сондықтан барлық алдын алу шараларын қабылдаңыздар. Сапалы мемлекеттік қызмет көрсету – осы мәселенің екінші қыры. Парасаттылық, ашықтық, жауаптылық – басты қасиеттердің бірі. Оны әрқайсымыз өз жұмысымызда есте ұстауымыз керек», - деді сөзінің қорытындысында А. Баталов.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.