
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Болат Тәкенов баяндама жасап, өңірдегі құрылыс саласының аяқ алысы туралы баяндады. Баяндамашы өз сөзінде әр салада жоспар бойынша белгіленген нысандардың салыну барысына тоқталды. Соның ішінде үш ауысымды 34 мектептің мәселесі алдағы үш жылда қалай шешілетіні, республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға салынатын мектептермен қатар жергілікті қазынадан қарастырылатын қаржыға оқушысының саны 300-ден төмен, яғни бейімделген мектептердің түйінді проблемаларын шешу туралы айтылды. Жергілікті бюджеттен салынуы тиіс 4 шағын мектептің әзірге 1-еуінің ғана құжаттамалық процедуралары аяқталған. Осыған байланысты облыс әкімі жұмысты қузауды тапсырды.
Сол сияқты Құрылыс басқармасының басшысы спорт, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының да жаңа құрылысы жүретін нысандары жайлы атап өтті.
«Президенттің 5 әлеуметтік бастамасында» айтылған жатақханалар салу, коммуналдық шаруашылық саласындағы нысандар құрылысы, тұрғын үймен қамту мәселелеріне де Б. Тәкенов кеңінен тоқталды.
Жиын соңында әр саладағы нысандар бойынша сын-ескертпелерін айта келе облыс әкімі А. Баталов:
- «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасының орындалуын басты назарға алуды, Талдықорған қаласында жалгерлік тұрғын үй құрылысын жоспарлауды, коттеджді қалашықтың құрылысын жылдамдатуды тапсырамын. Жұмыстың кешеуілдеу себебінің бәрін жобалау-сметалық құжаттама мен мемлекеттік сараптамаға кететін мерзімінің ұзақтығына әкеп тіреп қоюға болмайды ғой. Қажет болса, айына бір рет жиналып, қай нысанның жобалау құжаттарының қай деңгейде қаралып жатқанын пысықтап отырыңдар, - деп тапсырды.