
Көпшілікті облыс аумағында инновациялық кәсіпорынның ашылуымен құттықтаған Амандық Баталов Алматы облысының инвесторлар үшін тартымды аймақ екенін атап өтті.
- Біз 500 жаңа жұмыс орнын құрған заманауи кәсіпорынның ашылуына куә болдық. Инвестиция көлемі 50 млн. АҚШ долларын құрап отыр, өндірістің жылдық ауқымы 25 млрд. теңге болмақ. Бүгін маған зауытпен танысу барысында кәсіпорын басшылығы осымен тоқталып қалмай, бұдан әрі де кәсіпорын кеңейтілетінін, жұмыс орындары санының арттырылатынын айтты. Зауыт өнімдері «Қазақстанда жасалған» белгісімен шығады, - деді облыс әкімі.
«Mareven Food Holdings Ltd» компаниясының Директорлар кеңесінің мүшесі До Суан Хоанг сөз алып, жобаны жүзеге асыруға зор қолдау көрсеткені үшін еліміздің мемлекеттік органдарына ризашылығын білдірді.
- Біздің компания әлеуметтік мәселелерге бағдарланғандықтан, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік алғанымызға қуаныштымыз. «Mareven Food Holdings Ltd» компаниясының Қазақстанда жаңа зауытының ашылуы бұл өңірдің дамуына кешенді түрде үлес қосу деп білемін. Біз қазақстандық сапалы бидайды макарон өнімдері үшін сатып алып, жергілікті агроөндірушілерді қолдайтын боламыз. Өңірдің сауда-логистикалық базасын дамытамыз, - деді вьетнамдық қонақ.
Инвесторлар зауытта инновациялық құрал-жабдықтар орнатылып, тағам индустриясындағы әлемдік лидерлер Швейцария, Жапония, Германия сияқты елдерінің ең озық технологиялары қолданылып отырғанын айтты. Жобаның қуаты 21,2 млрд. теңге. Мұнда орнатылған жабдықтар мен желілер, автоматтар мен станоктар тек жаңа ғана емес, сонымен қатар энергетикалық жағынан тиімді әрі экологиялық жағынан тұрақты. Барлық құралдар әлемдік сапа стандарттарына сай, жабдықтарды автоматтандыру бастапқы кезеңде 85 %, кейін 95 %-ке дейін жеткізіледі.
Мұнан соң Амандық Баталов пен До Суан Хоанг естелік тілек кітабына жазба тілектерін қалдырды.
Атап өтсек, зауыт Жапония мен Вьетнамнан тартылған инвестицияның, қысқа мерзім ішінде ірі жобаны жүзеге асыруға қолдау танытқан мемлекеттік көмектің нәтижесінде салынды. Жүзеге асырылу мерзімі туралы айтсақ, инвесторлармен келісімге отырудан зауыттың ашылуына дейінгі арада небары бір жыл ғана өткен. Зауыттың сәтті іске кірісуі – Үкімет тарапынан, облыс әкімдігінің, Қапшағай қаласы әкімдігінің және «Қазақ Инвест» ҰК АҚ қолдауының нәтижесі.
Қазіргі кезде зауыттың 4 өндіріс жолағы іске қосылған. Атап айтқанда, қаптамадағы "Роллтон" кеспелері, дайын ас ретінде пайдалануға арналған тез пісетін кеспелер мен "Роллтон-Домашний" тұздықтары мен сорпасы және макарон өнімдері өндірілуде.
Еске салсақ, «Маревен Фуд Тянь-Шань» зауытының үздіксіз, тәулік бойы жұмыс істегендегі қуаттылығы шикізаттық есепте 417 млн. дана өнімді құрайды. Өнеркәсіпте қолданылатын бидай ұнының басым бөлігі қазақстандық жеткізушілерден сатып алынады. зауыттың заманауи қоймасы Қазақстанның ішкі нарығын және Орта Азия елдері, Қытай, Иран, Ауғанстан нарығын дайын өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.