
Алматы облысының туризмді дамытудағы әлеуеті өте үлкен. Жыл қорытындысы бойынша туристер саны 2 млн. адамға жетеді деп жоспарланып отыр, соның ішінде 1 млн. – Алакөлде демалушылар. Бұған Алакөлге апаратын көлік қатынасының қолжетімділігі, шетелдік нысандардан бір мысқал кем емес демалыс орындарының көптеп салынуы ықпал етті. Бұл туралы бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты.
А. Баталовтың айтуынша, Мемлекет басшысының мамыр айында облысқа келген жұмыс сапарының қорытындысында Жағалауды одан әрі дамытудың жоспары жасалған. Ұшу-қону алаңын жаңғырту, жағалауды бекіту жұмыстары, сол сияқты сумен қамту және кәріз жүйелерінің құрылыстары жоспарланып отыр.
«Көлік қатынасын реттеу туристерді тартудың негізгі көзі екенін Алакөл көлінің үлгісінде көруге болады. Бұл орайда Көлсайға, Шарын шатқалына апаратын жолдар жасалды, Балқаш көліне дейінгі 140 шақырымдық жолды жаңғырту бойынша ірі жоба қолға алынғанын айта кету керек», - деді А. Баталов.