
«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында Алматы облысындағы моноқала Текеліде таза теріден бұйым өндіретін қызықты жоба қолға алынды. Кәсіпкер Леонид Пактың өз мақсатын жүзеге асыруға 2 млн. теңге көлемінде берілген мемлекеттік грант көмек болды. Бір жылда шағын кәсіпорын 150-ге тарта былғары бұйым шығаруды жоспарлап отыр, жылдық кіріс шамамен 1,5 млн. теңге болады деп межеленген, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Текелі қаласы әкімдігінің айтуынша, өз бизнесін бастаудан бұрын кәсіпкер «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының қалалық филиалында «Бизнес кеңесші» бағдарламасы бойынша тігін саласы негіздеріне оқып шықты. Ол 2020 жылдың желтоқсанында өз жобасын қорғап, 2 млн. теңге көлемінде мемлекеттік грант алды. Оған қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, қазіргі кезде қолөнерші өз ісін ашты, таза тері мен былғарыдан түрлі бұйымдар дайындауды бастады. Әр заттың дизайнын клиенттер өз талғамына қарай таңдай алады. Қазіргі кезде цех әйелдер сөмкесі, әмиян, белдік, барсетка, үй тәпішкесі және басқа да жалпы саны 30-дан астам бұйым шығарып отыр және оған интернет арқылы да тапсырыс беруге болады.
«Маған былғарымен жұмыс істеген ұнайды. Әрине, ол өте қызықты әрі күрделі процесс. Мамандығым экономист, бір ғана салада жұмыс істеп көрдім, енді мемлекеттік бағдарлама бойынша оқытудың арқасында кәсіпкер атандым. Қатардағы қызметкерден қолөнерші-кәсіпкерге айналу үшін адам өзін жетілдіруі керек екенін ұқтым. Осы салаға келмес бұрын теріні өңдеу мен одан бұйым жасауға қатысты түрлі сабақтарға қатысып, алған білімімді тәжірибе жүзінде іске асырып көрдім. Бүгінгі күні оқыса, талпынса, кім кімге де өз ісін аша алады. Оған қазір барлық мүмкіндік бар. Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті табысты дамытуға барынша қолдау көрсетілуде. Менің басты мақсатым – бабаларымыздың қолөнер дәстүрін одан әрі дамытып, оны болашақ ұрпаққа жеткізу», - дейді кәсіпкер.
Қазіргі кезде бұл шағын кәсіпорында жергілікті 2 тұрғын жұмыс істейді. Леонид жастарды шеберлікке үйретіп, құлшыныспен оқытуда. Кәсіпкер алдағы уақытта кәсіпорын іргесін кеңейтіп, өнімдерін еліміздің түрлі қалаларына саудалағысы келеді.
Атап өтсек, 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Текеліде шағын және орта бизнестің 1455 субъектісі жұмыс істейді. Бюджетке осы саладан түсім 2024,2 млн теңгені құрады, 2020 жылдың 9 айында өнім шығару көлемі 19 млрд. теңгеден асты. Жалпы Алматы облысында шағын және орта бизнес субъектілердің саны 123 мың бірлік, олардан түсетін бюджет түсімі 1,3 есеге өсіп, 113 млрд. теңгені құрады. Өткен жылы облыс кәсіпкерлері 11,8 млрд.теңге сомасында мемлекеттік қолдау алса, биылғы жылы өңірде шағын және орта бизесті қолдауға 13 млрд. теңге бағытталып отыр. ШОБ-ның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 34,3%-ке жеткізіледі.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.