Алматы облысында 109 егу пункті дайын

Алматы облысында 109 егу пункті дайын

Алматы облысында ауру деңгейінің өсуіне байланысты 29 наурызда карантиндік режимді күшейту туралы жаңа қаулы шығарылды. Ал соңғы аптада КВИ-мен ауырғандардың өсу қарқыны 1,3% құрап, бір тәулікте 255 жағдай тіркелді. Бұл туралы бүгін үкіметтік селектор жиынында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңірде демалыс күндері барлық жерде локдаун енгізіледі. Жұмыс күндері қоғамдық тамақтану ұйымдары мен мейрамханалардың жұмыс уақыты сағат 21-ге дейін, базарлар мен сауда үйлерінің жұмысы сағат 17-ге дейін шектелді.

Облыс басшысының айтуынша, аурудың өсу қарқыны жоғары болып тұрған Жамбыл, Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ,  Іле аудандары мен Талдықорған, Қапшағай, Текелі қалаларында қатаң шараларды көздеген жекелеген қаулылар қабылданған. Соған сәйкес мейрамханалар, кафелер, сауда үйлері мен базарлар жұмысы 15 сәуірге дейін тоқтатылды. Инфекциялық стационардағы төсектер саны 3802 бірлікке жеткізілді. Қазіргі кезде төсек-орын жүктемесі - 50,9%, реанимацияда – 8,9%. Пессимистік сценарий жағдайында төсек санын 8 мыңға дейін жеткізіледі.

Облыс тұрғындарына 205 жедел жәрдем бригадасы және 391 мобильді бригада қызмет көрсетеді.

«Соңғы аптада 22 мың ПТР-зерттеу жүргізілді.  Облысқа 24 мың вакцина жеткізілді, 18 мың адам вакцина алды. Облыс жаппай вакцина жүргізуге дайын. 109 егу пункті дайындалды. Қажет болған жағдайда 1016 пункт жұмыс жасайтын болады», - деді Амандық Баталов.

Жетісу өңірінде мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілген. Мәселен, 1 наурыздан бастап 4643 рейд барысында 26 мың нысан тексеріліп, 290 карантиндік режимді бұзу жағдайы анықталған

Облыс әкімі Президенттің тапсырмасы бойынша кәсіпкерлік нысандарының жұмыс тәртібі «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлік палатасы филиалымен бірлесіп штабта жеке қаралатынын да айтты. Сондай-ақ, облыстық прокуратура жанынан рейдтер барысында мониторингтік топтардың  жіберген құқық бұзушылықтары бойынша колл-орталық құрылды.

Амандық Баталовтың айтуынша, қабылданған шараларды ескере отырып, сәуірдің екінші жартысында аурудың төмендеуі күтілуде.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.