
Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов Қаратал ауданына барған сапарында аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысып, сессия барысында аудан әкімі депутаттарға аудан әкімінің кандидаты - Ерлан Исабековті таныстырды. Басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қайрат Бұлдыбаев аудан әкімі лауазымынан босатылды, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Сессия барысында депутаттар Ерлан Исабековтің кандидатурасын бірауыздан қорғады.
Амандық Баталов ауданның жаңа әкімінің алдына Қаратал ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін көтеру көтеру міндеттерін қоятындығын айтты. Елбасы мен Президенттің тапсырмаларын басшылыққа ала отырып, түрлі салаларға инвестиция тартуды жалғастыру тапсырылды.
- Қаратал ауданы - түбегейлі ауыл шаруашылығымен айналысатын аудан. Сондықтан аграрлық саланы одан әрі дамытуға ерекше мән беру керек. Инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту да - шешуші бағыттардың бірі. Газдандыру халықтың тұрмыс сапасын жақсартумен қатар, ауданды дамытудың жаңа кезеңі болады. Бұл бағытта да жұмысты белсенді жүргізу керек. Коронавирустың таралуына байланысты медицина мекемелерінің жағдайына, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілуіне, дәрі-дәрмекпен және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуді қатаң қадағалау керек. Вакцина жасаудың пайдалы екенін халыққа түсіндіріңіздер. Бірінші кезекте халықтың игілігіне жұмыс істеу керек, сонда ғана еңбектің нәтижесі болады, - деді А. Баталов.
Өз кезегінде Ерлан Исабеков өзіне артылған сенім үшін рахмет айтып, алға қойған міндеттерді абыроймен орындауға бар білімі мен күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.
Атап өтсек, өткен жылы Қаратал ауданынында АӨК қндірісінің көлемі 2,7% артып, 31,8 млрд теңгені құрады. Ауыл шаруашылығында 8,9 млрд. теңге инвестиция тартылды. "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы аясында жалпы сомасы 3,6 млрд. теңгеге 65 жоба жүзеге асырылды. Биылғы жылдың екі айында негізгі капиталға тартылған инвестиция 169,8 млн. теңгеге жетті. Ауданды дамытуға облыстық бюджеттен 3,9 млрд. теңге бөлінді, қаржы тұрғын үй құрылысына, жол жөндеуге, 6 елді мекенді газға қосуға және тұрғындардың басқа да өзекті мәселелерін шешуге бағытталады.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.