
Агроөнеркәсіп кешені облыс экономикасының драйвері болып отыр. Бүгінгі күні облыс республикада ауыл шаруашылығы жалпы өнімі көлемінің 17%-ін беріп отыр. Бұл жайлы бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты.
Брифингіде белгілі болғандай, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толыққанды пайдалану үшін өңірлік бағдарлама әзірленіп, онда 9 басым бағыт айқындалған. Олар: етті-сүтті мал шаруашылығы, қой шаруашылығы, қызылша-қантты, май, бағбаншылық, картоп шаруашылығы, жылыжай және су шаруашылығы.
Егістікті әртараптандыру шеңберінде қант қызылшасының алқабы 2000 гектарға, жүгері 1453 гектарға, жем-шөп дақылдары 1215 гектарға, көкөніс 707 гектарға ұлғайтылды.
Биылғы жылы қарқынды бақтардың көлемі 2,4 мың га аумаққа жетіп, алғашқы өнімі жиналды, ал бақтардың жалпы алаңы – 24,2 мың.га. Жалпы жеміс өнімі 126 мың тоннаны құраса, соның 65 мың тоннасы - алма.