Облыс қоржынында 306 инвестициялық жоба бар

Облыс қоржынында 306 инвестициялық жоба бар

Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру экономика өсімінің пәрменді құралы болып отыр. Сондықтан бүгінгі күні облыста құны 5,7 трлн. теңгелік, 32 мыңнан астам жұмыс орнын ашатын 306 инвестжоба бар. Олардың қатарында - 9 жоба Трансұлттық компаниялардың, 44-і – шетелдіктердің қатысуымен жүзеге асырылады. Бұл туралы бүгін Астана қаласында Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингтеа Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мәлімдеді.

 

Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, тамыз айында Қазақстанда тұңғыш рет Алматы облысында «WILO» неміс компаниясының сорғы құралдарын өндіру кешені ашылды. Индустрияландыру күнінде Қапшағай қаласында жеке логистикалық және қоймалық инфрақұрылымы бар, «Роллтон» брендімен өнім шығаратын «Маревен Фуд» зауыты іске қосылды. Оның жылдық көлемі - 21 млрд. теңге. Зауыт өз өнімінің шамамен 80%-ін Орта Азия елдеріне эскпортқа шығаратын болады. Майлау материалдарын шығаратын ресейлік «Лукойл» компаниясының зауытын іске қосу жұмыстары басталды. Зауыт толығымен «ақылды» қойма мен өндірістік желінің автоматтандырылған жүйесімен қамтамасыз етілген.

 

«Бұл кәсіпорындар қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толықтай қамтамасыз етілген 6 индустриалды аймақта орналастырылатын болады. Мұнда 341 млрд. тенгелік, 4,6 мың адамды жұмыспен қамтитын 49 жоба жүзеге асырылады», - деді А. Баталов.