Облыста жалпы өңірлік өнім өсімі 3,5% шамасында болмақ

Облыста жалпы өңірлік өнім өсімі 3,5% шамасында болмақ

Биылғы жылы Алматы облысының дамуы барлық салаларда оң серпін көрсетіп отыр. Жалпы өңірлік өнім өсімі 3,5% шамасында болады деп күтілуде. Бұл туралы бүгін Астана қаласында Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты.

 

Амандық Баталовтың айтуынша, өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 870 млрд. теңгеге жетеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 75 млрд. теңгеге артық. Бұл ретте өңдеуші өнеркәсіптің тең жартысына жуығы – азық-түлік пен сусындар өндірісі. Мәселен, «Фудмастер», «Адал», «Райымбек Агро», «Данон», «JLC Сүт» компанияларының сүт өнімдері республикамыздың барлық өңірлерінде жоғары сұранысқа ие. Облыстағы 6 ірі өндіруші жылына 1 млрд. литр шамасында табиғи шырын мен алкогольсіз сусындар шығарады, бұл Алматы қаласының қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, жалпы республика бойынша саудаланады. Фармацевтикалық зауыттар бұрын шетелден тасымалданатын дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың көптеген түрлерін өздерінде шығаруды қолға алған.