
Жобаны «Маревен Фуд Холдингс» трансұлттық компаниясы жүзеге асырды. Бұл компания кең қолданыстағы азық-түліктер мен жартылай фабрикат өнімдерін шығаруға және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге маманданған.
Зауыт директоры Александр Вязниковтың айтуынша, жобалық қуаты қаржылай есепте 21 млрд. теңге, ал шикізаттық есепте 417 млн. дана өнімді құрайды. Жобаға 15,4 млрд. теңге инвестиция тартылған, 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Зауыттың "Қазақстанда жасалған" деген белгімен шығарылатын дайын өнімдері ішкі нарықта, сонымен қатар 80%-і Орталық Азия, Қытай, Иран, Ауғанстан, Моңғолия елдеріне экспортталатын болады.
Атап өтсек, зауытта өнімдер танымал "Роллтон" және "BIGBON" сауда белгісімен шығарылады. Қазіргі уақытта зауыттың 3 өндіріс жолағы іске қосылған. Атап айтқанда, қаптамадағы "Роллтон" кеспелері, дайын ас ретінде пайдалануға арналған тез пісетін кеспелер мен "Роллтон-Домашний" тұздықтары мен сорпасы өндірілуде. Алдағы уақытта макарон өнімдерін шығару жоспары бар.
Телекөпір аясындағы перезентацияға облыс әкімі Амандық Баталов қатысты. Мұнан кейін зауыт басшылығы көпшілікті кәсіпорынның өндіріс процесімен таныстырды.