Президент тапсырмаларының орындалуы сұралды

Президент тапсырмаларының орындалуы сұралды

Талғар ауданының әкімі Р. Сатбаевтың айтуынша, 11 айдың қорытындысында ауданның дамуы оң көрсеткіштермен қорытындыланып отыр. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасымен жалпы құны 1,6 млрд. теңге болатын 24 жоба қаржылай қолдау тапқан. Кәсіпкерлікте өндірілген өнім көлемі жыл соңына дейін 56 млрд. теңгеге жетіп, бюджетке 12 млрд. теңге түседі деп жоспарланып отыр. Бюджет түсіміндегі оның үлесі 56 % жетті.

 

Мемлекет басшысының төменгі жалақыны көтеру туралы тапсырмасына сәйкес бүгінгі күнге 1716 кәсіпорынның 1405-іне мониторинг жасалды. Соның қорытындысы бойынша 2019 жылдың 1 қаңтарынан 3903 жұмысшының айлығы өсіп, жалақы қоры 230 млн. теңгеге арттырылады деп жоспарланып отыр.

 

Талғар ауданының шешімін күткен мәселелері ретінде Талғар қаласының сумен қамту жүйесін күрделі жөндеу, аудандағы 9 мектептің жөндеу жұмыстары, Талғар – Алматы трассасындағы көлік легінің көптігіне байланысты Бесағаш айналма жол айырығының құрылысы мен трассаны кеңейту және т.б. мәселелер аталды.

 

Сарқан ауданының әкімі М. Разбеков 2019 жылы 2180 га жерге қант қызылшасы себіліп, биылғымен салыстырғанда 180 гектарға артатынын жеткізді. Дегенмен алдағы уақытта қант қызылшасын уақытылы себу мен күтіп-баптау, жинау үшін екі сервистік-дайындау орталығын құру қажетті туындап тұр.

 

Келесі жылы аталмыш ауданда «Panel Sistem.kz» серіктестігі экспортқа бағытталған 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын, құрма жем зауытын, мал соятын орын мен алма сақтау қоймасын салады. Сонымен қатар сұрыпты алма тұқымымен айналысуды бастамақ. «Арлан» ШҚ да 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңының құрылысын бастап жатыр. Аудан әкімі М. Разбеков арық жүйелерін жөндеу, каналдарды нығайту, ауыл ішілік жолдарды жөндеу шараларына қаржы бөлуді сұрады.

 

Ақсу ауданы бойынша 2019 жылы ірі 6 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде сүт-тауарлы фермасы, сүт және мал бордақылау кешендері, сүт өңдеу шағын зауыттарын атап өтуге болады. Аудан орталығындағы апатты деп танылған үйлердің орнына коммуналдық үйлер салуға, Ойтоған ауылындағы 1971 жылы салынған І. Жансүгіров атындағы мектепті күрделі жөндеуге, басқа да маңызды мәселелерге қаржылық қолдау қажеттігі айтылды.

 

Өз кезегінде Кербұлақ ауданының әкімі М. Бигелдиев те 2018 жылдың бүгінгі кезеңіне дейінгі көрсеткіштері мен алдағы жылғы жоспарларға тоқталып өтті. Мәселен, «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген 124 гектар жер телімінің инфрақұрылымына республикалық бюджеттен 258 млн. теңге бөлініп, су жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілу үстінде. Жыл соңына дейін қаржы толығымен игеріледі. Ал 2019 жылы «7-20-25» бағдарламасымен салынуға тиіс нысанның инженерлік жүйелерін жобалауға қолдау қажет дейді аудан әкімі. Бұрын қолданыста болған, қазіргі кезде жөндеуді қажет ететін 100 шақырымдық суландыру жүйесі бар. Егер осы жүйелер жөнделетін болса, 10 415 гектар суармалы алқап айналымға енгізілетін болады. Сол сияқты дәнді дақылдар және картоп шаруашылығы бойынша екі сервистік дайындау орталығын құру қажеттігі бар. Сонымен қатар ауыз су, жол, әлеуметтік нысандардың құрылысы мен жөндеу мәселелері де назардан тыс қалған жоқ

 

Қаратал ауданының әкімі Р. Рақымбеков өз баяндамасында аудандағы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес, жұмыспен қамту сияқты маңызды салалардың даму барысы жайында қысқаша айтып өтті. Мәселен, 2018 жылы 800 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса, өткен 10 айдың ішінде олардың саны 806-ға жетіп, жоспар 101,8 % орындалған. Экономикаға 5758,3 млн. теңге инвестиция тартылған. Бүгінгі күні 5 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында керамзит өндіретін, уайт спирит еріткішін шығаратын зауыттар, кірпіш шығаратын цех, коммуналдық базар құрылысы, сүт-тауарлы фермасы бар. Ал 2019 жылы мұндай іргелі жобалар саны тағы 3-еуге артпақ. Бұл ауданда да Үштөбе қаласындағы магистралды арық жүйесін, Сарыбұлақ, Жылыбұлақ сияқты ауылдарда сумен қамту жүйелерін жөндеу, Тастөбе ауылындағы тұрғын үйлер маңында жыл сайын су басу қаупі туындайтындықтан Қаратал өзенде жағалауды нығайту шараларын жүргізу мәселелері алдағы міндеттер қатарында тұр.

 

Аудан әкімдерінің есептерін тыңдаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов ең алдымен Президент тапсырмаларының әрбір ауданда орындалу барысын жеке-жеке пысықтады.

 

- Аудандар тарапынан айтылған шешімін күткен мәселелер облыстық тиісті басқарламалармен тағы бір мәрте пысықталсын. «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтер алушылар құжаттарының «Баспана» арқылы өтіп, оң қорытынды алуына нәтижелі жұмыс жүргізілсін. Президенттің «5 әлеуметтік бастамасын», Жолдаудағы міндеттерді орындау – әрбір әкімнің тікелей міндеті. Сондықтан жұмысымыздың ортақ нәтижесі – әр ауданда атқарылған жұмыс көрсеткіштерінен құралатынын ұмытпаңыздар, - деді Л. Тұрлашов.