
Аталған аудандардың әкімдері тарапынан жіберілген ортақ кемшілік – «7-20-25» бағдарламасының жүзеге асырылуындағы олқылықтар. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов бұл істе көрсеткіш болғанымен, оның жеткіліксіз екенін айтты. Жыл соңына дейін бұл бағыттағы жұмысты қузай түсу керек. Тағы бір басымдық – жалақыны өсіру. Осыған байланысты аудан аумағында орналасқан кәсіпорындардың басшыларымен кездесіп, жұмысшыларының жалақысын өсіру мүмкіндіктерін қарастыру туралы мәселелерді талқылау қажет.
2019 жылдың жоспарына келсек, Панфилов ауданының әкімі Темірлан Бектасов ИДБ арқылы 5 млрд. теңге бөлініп, келесі жылы ирригациялық жүйелерді жөндеу есебінен 6 мың га суармалы жерді айналымға енгізуге мүмкіндік туатынын жеткізді. Оның 80%-іне, яғни 4,8 гектарына ауданда басымдық берілетін дақыл – жүгері себілмек. Көктал ауылында жобалық қуаты жылына 7 мың тонна сүт өндіретін сүт-тауарлы ферма құрылады, іске қосылу мерзімі – 2019 жылдың шілдесі. Атап өтсек, «Қамқорлық» ЖШС 10 гектарға Қазақстанда теңдесі жоқ қант қызылшасының тұқымын өсіреді. Бұл тұқым Алматы облысында ғана емес, Жамбыл және Түркістан облыстарында да пайдаланылады.
Өзекті мәселелер қатарында Т.Бектасов ондаған жылдар бойы 160 мың текше қалдық жинақталған ТҚҚ полигондарын рекультивациялауды атады. Қоқыс алаңы Жаркент қаласының маңында орналасқан. Мәселе жылдам шешуді қажет етеді. Бірқатар мектептерге, балабақшаларға, мәдениет үйлерінде кезең-кезеңімен күрделі жөндеу жүргізу керек. Кішішыған және Тұрпан ауылдарында сумен қамту жүйесінің құрылысы мен реконструкциясы жасалуы тиіс. Жаркент қаласындағы балалар кітапханасы да жаңа ғимаратты қажет етеді. Қосымша Пенжім және Лесновка ауылдарына 2 полиция тірек пункттерін салу керек.
Л.Тұрлашов бұл екі тірек пунктін облыста жалпы саны 220 нысан салу жоспарланып отырған тұрғын үймен біріктірілген полиция пункттерінің құрылысы бағдарламасына енгізу керектігін айтты. Сонымен қатар облыс әкімінің бірінші орынбасары облыстық білім және денсаулық сақтау басқармаларына келесі жылға білім және медицина салалары нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеуі үшін жеке бағдарлама құруды тапсырды. Сонда бұл нысандардың басымдығы, құрылыстың жүргізілу реті мен мерзімі нақты айқындалатын болады.
Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нұрахунов өз баяндамасында 18 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу үшін 330 шақырымдық су каналдарына жөндеу жүргізіп, Шарын өзеніндегі гидротобаптың құрылысын аяқтау қажеттігін тілге тиек етті. Өзекті мәселенің бірі – ыстық су көздерінің туристік нысандарын газдандыру. Қаржы әзірге ЖСҚ дайындауға қажет, газдандыру бойынша басқа жұмыстардың бәрі инвесторлар өз есебінен жүргізетін болады. Аудандағы тұрғын үй құрылысына облыс әкімі сын айтты. Инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген 1117 жер учаскесі болса, соның 617-сі жеке тұрғын үй салуға беріліп, оның 186 учаскесінде ғана тұрғын үйлер салынып, пайдалануға берілген. Осы мәселеге назар аудару тапсырылды, әсіресе «7-20-25» бағдарламасы ерекше бақылауда болмақ.
Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаевтың мәлімдеуінше, «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде Үшарал қаласында әрқайсының алаңы 70 шаршы метр болатын 6 үй салынып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. 2019 жылы тұрғын үй бағдарламасы аясында 17 тұрғын үй мен 20 пәтерлі көп қабатты үйлер салу жоспарланған. Қолжетімді тұрғын үймен 37 отбасы қамтамасыз етіледі. Шешімін күткен мәселелер ретінде А.Жақанбаев Көлбай ауылдық мектебі пен Мыңбайұлы атындағы мектепке күрделі жөндеу жасауды атап өтті. Мәдениет үйлерін жөндеу бағдарламасы аясында Қарабұлақ және Үшбұлақ ауылдарындағы мәдениет үйлерін жөндеу қажет. Ақши ауылындағы «Жалын» балалар демалыс лагерін жаңғырту қаржылық қолдауды қажет етеді. Аудандағы туризмді одан әрі дамыту үшін Алакөл көлінің жағалауын бекіту жұмыстары кезек күтіп тұр. Атап айтқанда жағажайдағы волейбол мен футбол алаңдарын салуға, жағалаудың тазалығын қамтамасыз ету үшін құрылған «Алакөл Тазалық» МКК ғимаратын күрделі жөндеуге ЖСҚ дайындауға, сол сияқты 11 заманауи құрама әжетхана сатып алу мен орнатуға қаржы қажет.
Балқаш ауданының әкімі Ғалым Тоқпейісовтің есебінен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны оңды екені байқалды. Бұл ауданда да бірқатар өзекті мәселе бар. Атап айтқанда, аудандық орталық аурухана, Топар ауылындағы орта мектеп, сол сияқты ауылішілік жолдар күрделі жөндеуге сұранып тұр. ТЖ мен аудандық коммуналдық қызмет жұмыстары үшін автопаркті жаңарту керек, бульдозер, кран мен «кобрасы» бар кран қажет. Бұл мәселе шешімін табатын болды. Аталған әлеуметтік нысандар мен жолдардың жөндеу жұмыстары үшін талдау жасалып, тиісті шешім қабылданатын болады.
Есепті жиын соңында Жамбыл ауданының әкімі Бағдат Әлиев мінбеге шықты. Б. Әлиевтің айтуынша, «7-20-25» бағдарламасын орындау шеңберінде казарманың 4 қабатты ғимараты балансқа алынып, 35 пәтерлі тұрғын үй ретінде қайта жаңғыртылмақ. Осы жобаның ЖСҚ-на қаржы қажет. Сонымен қатар Ұзынағаш ауылына кіреберісте 20 га жер мемлекет балансына алынып, оның 1,7 га жеріне 5 көпқабатты үй, 1,4 га жерге – жалға берілетін үй, сол сияқты орталық саябақ пен мектеп салынатынын жеткізді. Сол сияқты 3 ауысымды мектептерді жою мәселесін ұмыт қалдырған жоқ. «БЖК-2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге көмек көрсету мәселесі де көтерілді. Мәселен, салынып жатқан цемент зауытына электр жүйелерін тарту керек, оның ЖСҚ-сы инвестор тарапынан дайындалған. Сонымен қатар газбен, жарықпен, сумен жылына 4 мың тонна көкөніс өсіретін жылыжай шаруашылығын да қамтамасыз ету күн тәртібінде тұр.
Жиынды қорытындылаған Лаззат Тұрлашов әрбір аудан әкімі Президенттің жалақыны көтеру туралы тапсырмасын, «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруды ерекше назарда ұстауы қажеттігін тапсырды. Бұл орайда құрылыс қарқынын, өнеркәсіп өндірісінің көлемін төмендетпеу, сол сияқты инвестиция тартуға баса көңіл бөлу туралы тапсырмалар берілді.