Талдықорғанда ардагерлер арасында волейболдан «Жетісу Кубогы» халықаралық турнирі басталды

Талдықорғанда ардагерлер арасында волейболдан «Жетісу Кубогы» халықаралық турнирі басталды

- Бүгінгі волейболдан ардагерлер командалары арасындағы «Жетісу Кубогы» жарысы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні қарсаңында өтіп отыр. Баршаңызды осы мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Біз «Жетісу Кубогына» қатысушы командаларды Жетісу жерінде қуанышпен қарсы алып отырмыз. Биыл турнир Талдықорғанда екінші рет өткізіліп отыр. Биылғы жылы оған әр елден 10 команда қатысуда. Әлемнің әр түкпірінен спортшылар келетіндіктен, көпшілік бұл жарысты «шағын әлем чемпионаты» деп атап жүр. Біздің шақыртуымызды қабыл алып, турнирге қатысқандарыңызға алғыс айтамын. Сіздердің әрқайсыларыңыз өз ісінің шебері, майталман спортшысыздар, ең бастысы сіздердің жүректеріңізде волейболға деген зор махаббат бар. Өзара тартысты ойын арқылы жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттауға, спортпен белсенді айналысуға үлгі боласыздар деп ойлаймын. Бұл халықаралық турнир бізді біріктіретін тұрақты дәстүрге айналатынына сенімдімін. Біз жарыс жоғары деңгейде өтуі үшін өз тарапымыздан қажетті қолдаулар көрсететін боламыз, - деді А. Баталов.

 

«Алматы облысының Құрметті азаматы» атағы волейболдан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, клубтық командалар арасындағы екі дүркін Еуропа чемпионы, қыздар арасындағы «Жетісу» волейбол командасының жаттықтырушысы Вячеслав Шапранға берілді. Еске салсақ, жуырда «Жетісу» КВК Ұлттық лиганың 1-ші турының жеңімпазы атанып, Қазақстанның Суперкубогын иеленген болатын. Сол жарыста спортшы қыздар бір де бір ойында жеңілмей, 7 ойында небары 1 ғана ұпай жоғалтқан.

 

Өзіне көрсетілген құрмет үшін Вячеслав Шапран ризашылығын білдіріп, турнирге келген қонақтарға «қош келдіңіздер» деді. Облыс басшысы, волейболдан спорт шебері, Қазақстан Волейбол федерациясының вице-президенті, Алматы қаласы мен Алматы облысы Волейбол федерациясының президенті Амандық Баталовтың волейболды танымал етуге зор үлес қосып жүргенін атап өтті.

 

Осы жиында облыс әкімі А. Баталов Азия чемпионаттарында, ІІІ Паразиялық және ІІІ жасөспірімдердің жазғы Олимпиадалық ойындарында жүлделі орындар алған спортшылар мен жаттықтырушыларды марапаттады. Олардың қатарында бірінші орын иегерлері, дзюдошы Бекарыс Сәдуақас пен велошабандоз Евгений Федоровтың әрқайсысына 3 750 000 теңгенің, екінші орын иегерлері, пауэрлифтингпен айналысатын Раушан Қойшыбаева мен Рахметжан Хамаевқа 1 875 000 теңгенің ақшалай сертификаттары берілді. Сол сияқты марапатталғандар арасында спортшылар Гүлбану Әбдіхалықова, Нодаржан Хамруллаев, жаттықтырушылар Азамат Балпухов, Виктор Юрайтис те болды.

 

Мұнан соң қонақтар да сөз алып, турнирді ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді. Атап айтқанда жағажай волейболынан Ресей комнадасының аға жаттықтырушысы Олег Киселев, Монғолия командасының төрағасы, «ЭРЧИС-ТАЛ» волейбол клубының директоры Тогтохбаяр Тогсмандал, Орынбор облысының Волейбол федерациясының бірінші вице-президенті, Орынбор қаласындағы «Волей-Фитнес» спорттық кешенінің директоры Владимир Терехин және т.б. турнирді жоғары деңгейде өткізгені үшін ризашылықтарын жеткізіп, спортпен айналысуды, саламатты өмір салтын ұстануды насихаттауда, жастар тәрбиесінде жарыстың рөлі зор екенін атап өтті. Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасты.

 

Алдымен волейбол алаңына «Жетісу» командасы мен Тыва спортшылары шықты. «Жетісу» командасының құрамында Алматы облысының әкімі, волейболдан спорт шебері, Қазақстанның Волейбол федерациясының вице-президенті, Алматы қаласы мен Алматы облысы Волейбол федерациясының президенті Амандық Баталов ойнады. 2:1 есебімен «Жетісу» командасы жеңіске жетті.

 

Атап өтсек, волейболдан ардагерлер арасындағы «Жетісу Кубогы» халықаралық турнирі 2 желтоқсанға дейін жалғасады, жүлдегерлер сол уақытта анықталады.

 

Жалпы бүгінгі күні облыста 3 мыңнан астам спорттық нысан, 37 спорт мектебі бар. Сонымен қатар Талдықорған қаласында жабық жүзу бассейнінің, жеңіл атлетика манежі мен велотректің құрылыстары басталды. Алматы облысының спортшылары Әлем және Азия чемпионаттарында, түрлі халықаралық, республикалық жарыстардан 1002 медаль иеленді. Соның 350-і – алтын, 307-сі – күміс, 345-і – қола медаль.