
Біріккен Ұлттар Ұйымында «Елді ашаршылықтан қорғау» деген өсімдіктер тізімдігі бар. Соның ішіне Жетісу жерінен 25 өсімдік енгізілген. Осыған орай аталған өсімдіктерді қорғау мақсатында 2010 жылы «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық саябағы ашылды. Саябақ таулы агроалуантүрлілікке бағытталған маңызды орталық болып табылады. Себебі, әлемде 300 мыңнан артық мәдени алма сорты болса, соның ататегі қазақ даласында өсетіндігін ғалымдар дәлелдеп берді. Айталық, жаңа құрылған саябақтың жалпы алаңының 1,5 пайызын сиверс алмасының жабайы жемісті алқаптары алып жатыр. Ол – Америка, Африка, Еуропа, Азия құрлығында өсетін алманың түп тегі. Америкадағы Гарвард университетінің генетиктері әлемдегі өсімдік атаулының ататегінің пирамидасын жасаған. Оның ең басында Жетісу жерінде өсетін сиверс алмасының гені тұр. Өкінішке қарай, өткен ғасырдың 60-шы жылдары алма бақтарын сорттандыру бағдарламасы мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тау бөктерлеріндегі жабайы алма ағаштарының көптеп кесіліп, отынға пайдаланылуы салдарынан алма бағының көлемі тарылып кетті. Елбасы осы ақтаңдақты ашық айтып, алма мекеніне айрықша қолдау танытуды тапсырып отыр.
Іле, Жоңғар, Күнгей Алатауларының бөктерінде өсетін бәйшешек гүлінің тағдыры жұртты алаңдатуда. Алматы қорығы мен Іле Алатауы ұлттық паркі қызметкерлерінің бақылаулары бойынша, тұрғындар тарапынан бәйшешек көп терілгендіктен соңғы он жылда олар елді мекендерден 5-7 шақырымға тау жаққа «алыстап» кеткен. Айтар ауызға оңай болғанымен бәйшешектерді жұлу және аяусыз қырқу жұмыстары дәл қазіргідей қарқынмен жалғаса беретін болса, онда көктемнің хабаршысы болып саналатын бұл гүлдің көп ұзамай Алатау бөктерінде көзден ғайып болмасына ешкім де кепілдік бере алмайды. Елбасы мақаласынан кейін бәйшешекті қорғаудың нақты шаралары бекітілуі мүмкін.