
Негізгі баяндаманы жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов 2018 жылдың бюджетіне өзгертулер енгізу туралы шешімнің жобасын кеңінен түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, жергілікті бюджеттегі үнемделген қаражатты қайта бағыттау мен меншікті кірістерді ұлғайту есебінен бірқатар шараларға қаржы қарастыру ұсынылып отыр. Мәселен, мектептерде ІТ сыныптарын ашып, балаларды робототехникаға баулуға 150 млн. теңге, білім мекемелеріне сұйық отын сатып алуға 283,1 млн. теңге, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төлеміне – 137,5 млн. теңге, елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру мен санитариясына - 1,1 млрд. теңге, елді мекендерді газдандыруға 194 млн. теңге қарастырылып отыр. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, туризм, мәдениет, спорт және ақпараттық кеңістік бағыттары да назардан тыс қалған жоқ. Сөзін қорытындылай келе Ж. Әмірханов 2018 жылдың бюджетін 435 млрд. теңге көлемінде бекітуді ұсынды.
Осы және өзге де қаралған мәселелер депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тауып, тиісті шешімдер қабылданды.
Сессия соңында облыс әкімі Амандық Баталов сөз алып, депутаттарға білдірген қолдаулары үшін ризашылығын айтты. Сонымен қатар алдағы міндеттерді де атап өтті.
- Елбасы биылғы Жолдауында үш ауысымды мектептерді болдырмау туралы нақты тапсырма берді. Бізде биылғы жылы олардың саны 34-ке жетті. Сол үшін салынатын жаңа мектептердің құжаттарын дайындап, іске кірісуіміз керек. Балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші жылдың соңына дейін 98 % болады. Осыған байланысты осы сессияда балабақшаларға мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қосымша қаржы қарастыруды ұсындық. Президенттің «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы – ең басты жұмысымыз болуы тиіс. Аудан, қала әкімдеріне осы мәселені тағы да қатаң тапсырамын, - деді А. Баталов.