
- Бүгін күздің қоңыр кешінде біз Жетісудың мол суының белгілісіндей болған жеті бірдей фонтанды ашып отырмыз. Орталық алаңды жаңғырту жұмысының соңы осы фонтандарды іске қосумен түйінделді. Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайы жаңа келбетке енді, орталық алаң түрленді. Оған қоса, міне, жаңадан салынып, қайта жаңартылған фонтандар алаңға ерекше көрік беріп тұр. Осының бәрі сіздер үшін, талдықорғандықтар мен қала қонақтары үшін жасалды. Дайындаған тосын сыйымыз сіздерге ұнады деген ойдамын, - дей келе А. Баталов қала тұрғындарымен бірге фонтанды іске қосты. Жеті субұрқақ бір мезгілде іске қосылып, бұл сәтті аспанға атылған түрлі түсті отшашу одан сайын әсерлендірді. Қазақ эстрадасының өкілдері қатысқан концерттік бағдарлама мерекелік көңіл күйді еселей түсті.