
Жиын барысында Амандық Баталов Мемлекет басшысының тапсырмасымен меритократия принципіне сәйкес ауданның жаңа әкімі болып Марат Разбеков тағайындалғанын айтты. М. Разбеков ұзақ жылдар осы ауданда еңбек еткен, ал соңғы 4 жылда аудан әкімінің орынбасарлығында өзін жауапты басшы, шешім қабылдауға мығым маман ретінде көрсетті. Облыс әкімі Е. Қошанбековке атқарған нәтижелі жұмысы үшін ризашылығын білдіріп, ол жұмыс істеген кезеңде Сарқан ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы едәуір жақсарғанын тілге тиек етті.
Өз кезегінде Ерғазы Қошанбеков ауданда ірі жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. 30 жылға жуық тоқтап тұрған аудандық аурухананың құрылысы жалғастырылып, алдағы жылдың мамыр айында іске қосу жоспарланған. 10 жылға жуық шешімін күткен айналма жолдың да құрылысы жүріп жатыр. Молалы – Лепсі және одан әрі Балқаш көліне апаратын жолдың жөндеу жұмыстары жасалуда. Енді аудан тұрғындары көлге бір сағаттың ішінде бара алады. Осының бәрі мемлекет қамқорлығының және маңызды бастамаларға облыс басшылығының үнемі қолдау көрсетуінің арқасында орындалып жатқанын айтты.
Ауданның жаңа әкімі өзіне көрсетілген сенімді ақтап, Мемлекет басшысының, облыс басшылығының әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуге және халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған тапсырмаларын орындауға өзінің бар білімі мен жинақтаған тәжірибесін салатынын айтты.
Аудан тұрғындарының атынан ауданның Құрметті азаматы, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қадыл Жанасбеков, «Қазына» шаруа қожалығының жетекшісі Аслан Абдрахманов және басқа да азаматтар тілектерін білдірді.
Басқосу соңында облыс әкімі А. Баталов облыстың дамуына қысқаша тоқталып өтіп, оның ішінде қант қызылшасын, жүгері өсіру мен өңдеу ісін ілгерілету, қант өндірісі, Көксу және Ақсу қант зауыттарын қайта жаңғырту жұмыстары, экспортқа бағытталған кәсіпорындарды өркендету, Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру жоспарлары туралы айтып өтті.
- Жуырда Елбасы жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Осы күннен бастап облыстың аудан, қалаларының әкімдері оны жүзеге асыруға кірісуі керек. Атап айтқанда, «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын орындауға, инвестиция тартуға, экспортқа бағытталған өндірістерді ашуға, тұрақты жұмыс орындарын құруға жұмыс істеуі керек. Мұның бәрі халықтың тұрмыс жағдайын жасқартуға бағытталған. Сарқан ауданы – зор мүмкіндіктері бар ірі аудан. Сондықтан басшылық алдына қойылған міндеттерді сапалы атқаруға барын салуы тиіс, - деді А. Баталов.
Тағайындау
Алматы облысы әкімінің өкіміммен Марат Мелісұлы Разбеков Сарқан ауданының әкімі лауазымына тағайындалды.
Марат Мелісұлы РАЗБЕКОВ
1966 жылы туған. Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін орман шаруашылығының инженері, экономист-бухгалтер мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын Сарқан қаласындағы Сарқан шарап зауытында және Сарқан орман шаруашылығында жұмысшы болып бастаған.
Әр жылдарда Сарқан ауданы бойынша салық инспекциясының салық инспекторы, Талдықорған қаласындағы «Сервис центр» ЖШС бухгалтері, Алматы облысы бойынша салық комитетінің өндірістік емес төлемдер бөлімінің бас салық инспекторы, бөлім бастығы, Салық төлеушілерді тіркеу және Салық әкімшілігін жүргізу басқармаларының бастығы, Талдықорған қаласы бойынша салық басқармасының салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің бас салық инспекторы, Сарқан ауданы бойынша салық басқармасы бастығының орынбасары болды.
2010 жылдың желтоқсан айынан – Сарқан ауданы әкімінің орынбасары.
Хроника
Алматы облысы әкімінің өкімімен Ерғазы Қошанбекұлы Қошанбеков зейнеткерлікке шығуына байланысты Сарқан ауданының әкімі қызметінен босатылды.