Қырғыз елі Ыстықкөл облысының өкілдері – Алматы облысында

Қырғыз елі Ыстықкөл облысының өкілдері – Алматы облысында

Қабылдауға ҚР-ның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Кәрім Көкірекбаев, көрші ел делегациясын бастап келген Қырғыз Республикасы Үкіметінің Ыстықкөл облысындағы уәкілетті өкілі Ақылбек Осмоналиев және аталған облыстың жергілікті басқару органдарының басшылары қатысты.

 

Облыс әкімі А. Баталов екі елдің туыстығын тілге тиек ете келе, қонақтарға алдымен Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қысқаша әңгімелеп, мемлекет қолдауының арқасында бүгінгі күні басымдық беріп отырған қант қызылшасы, жүгері өсіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісі, туризм және басқа да салалар бойынша кеңінен айтып берді.

 

Өз кезегінде Қырғыз елінің өкілі Ақылбек Осмоналиев жылы қарсы алған жетісулықтарға ризашылығын білдіріп, Ыстықкөл облысының даму барысы жайында баяндады. Ауыл шаруашылығының әлеуеті зор екеніне, туристік мүмкіндіктерінің молдығына тоқталды. Сонымен қатар өзара азық-түлік пен тауар алмасып, экспорт көлемін арттыру шаралары да екі елдің ынтымақтастығын одан әрі байыта түсер еді деген ойын жеткізді.

 

Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Кәрім Көкірекбаев екі ел президенттерінің соңғы 8 жылда сегіз рет кездескенін еске сала келе, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрші елдермен, соның ішінде Қырғыз Республикасымен тату қарым-қатынасқа, экономикалық тұрақтылыққа бағытталған бастамаларына тоқталып өтті. Екі ел басшыларының тапсырмаларымен екі мемлекеттің Үкімет басшылары, салалық ведомстволар жетекшілері өзара бірлескен жиындар өтікізіп, тиімді шешімдер қабылдағанын да атап айтты. Сол екі жақты достық қарым-қатынастың жалғасы бүгін Алматы облысында көрініс табатынына куә болатынын айтты.

 

Бұдан соң кездесу кеңейтілген нұсқада Салтанат сарайында Бизнес-форуммен жалғасты. Мұнда облыстық кәсіпкерлік және ИИД басқармасының басшысы Р.Қожасбаев өңірдің инвестициялық тартымдылығы жөнінде айтты. Соның ішінде өңірдегі индустриалды аймақтар мен өндірістік алаңдардың жұмысына, ірі инвестициялық жобаларға тоқталды. Солардың қатарында ірі трансұлттық компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылатын жобаларды атап өтті. Мәселен, облыста тез дайындалатын тағам өндірісі бойынша «Маревен Фуд Тянь-Шань», фри картобын шығаратын «Farm Frites Eurasia», «Bauman GmbH & Co» компаниясының ұсақ мал етін өңдейтін «Zhetysu Koy» жобасы және басқа да іргелі кәсіпорындар құрылып, жұмыс істейтін болады.

 

Туризм басқармасының басшысы Ж. Алчимбаева Жетісудың туристік әлеуеті туралы қонақтарға әңгімелеп берді. Сонымен қатар Қырғыз Республикасымен ынтымақтастық жөніндегі жобаларға да тоқталып өтті. Олардың арасында «Алматы - Бішкек» халықаралық экономикалық дәлізі, бірлескен туристік өнімдері қалыптастыру, көрмелер, фестивальдар, форумдар сияқты туристік шараларға өзара бірлесіп қатысу жоспарлары да бар.

 

Форумда сөз алған Қырғыз тарапы өкілдерінің айтуынша, алма, алмұрт, өрік сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерін Алматы облысына үлкен көлемде жеткізуге мүмкіндіктері бар. Бүгінгі күні бұл жемістердің экспортталатын көлемі мардымсыз. Сол сияқты қырғыздар картоптың 30-дан астам түрін өсіреді және оның бағасы да едәуір арзан. Сонымен қатар тауда өндірілетін балды да көп көлемде экспорттай алатындарын айтты. Ыстықкөлмен қатар қысқы тау шаңғы туризміндегі және туристік-сауықтыру бағытындағы нысандарының да мүмкіндіктері туралы баяндады.

 

Мәселен, қырғыздық кәсіпорында өндірілетін органикалық тыңайтқыштарды Түркістан облысының құлпынай өсірушілері тәжірибеден өткізіп, 1 гектардан 20 жәшік өнім алып жүрген жерден жүздеген жәшікке дейін өнім жинаған. Егін шаруашылығында ғана емес, сонымен қатар мал шаруашылығында да қолданылатын тыңайтқыштарға біздің тарап қызығушылық танытып, іскерлік байланыс орнатуға ниетті екендіктерін білдірді.

 

Жиынды қорытындылаған облыс басшысы А. Баталов екі елдің ежелден қалыптасқан тарихи тағдырластығы мен достық, туыстық байланыстары жайлы айта келе:

 

- Бүгінгі кездесу қос тарап үшін де тиімді болды деп ойлаймын. Тәжірибе алмасып, бір-бірімізден үйренеріміз көп. Алдағы уақытта екі жақтың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани байланыстары одан әрі нығая түсуіне септеседі деп ойлаймын, - деп хабарлайды.     

 

Кездесу соңында екі аймақ басшылары өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

 

Мұнан соң делегация қаладағы Көрме кешенінде, Оқушылар сарайында, Жастарға қызмет көрсету орталығында, қалалық көп салалы ауруханада, № 28 жаңа мектепте, Қаратал жағалауы мен «Жастар» саябағында болды.