
Елбасы өз Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары мен алдағы міндеттерін айқындап берді. Соның ішінде бүгінге дейінгі қабылданған бағдарламалардың - «7.20.25», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Индустриалды-инновациялық даму» және басқа да маңызды бағдарламалардың орындалуын одан әрі үдете түсу қажеттігіне ерекше тоқталды.
Президент инвестиция тарту, ауыл шаруашылығында өңдеу ісін дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жетілдіру, транзиттік әлеуетті арттыру, әлеуметтік мәселелердің, соның ішінде білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы жұмыс сапасын арттыру, үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесін шешу, жалақыны өсіру сияқты көптеген мәселелерде нақты тапсырмалар берді.
Мәселен, ауыл шаруашылығы тауарларын сырттан әкелу көлемін азайту туралы айта келе, қант қызылшасымен әлі де өзімізді толық қамти алмай отырғанымызды, бұл орайда Алматы облысының қызылша өсіруді тиімді жолға қойғанын тілге тиек етті.
Сол сияқты жүгері өсіру мен етті және сүтті бағыттағы мал шаруашылығы бойынша отандық үздік шаруашылықтарды үлгі етіп, солардың қатарында Талғар ауданындағы «Байсерке Агро» агрохолдингінің табысты жұмыс істеп отырғанын да атап өтті.
Елбасы ішкі туризмді дамытуға басымдық беруді тапсырды. Соның ішінде Президент биылғы жылдың мамыр айында өзі жұмыс сапарымен барған Алакөл көлінің де маңызды нысан екенін айтты.