
Алдымен облыстық балалар ауруханасының жанынан салынған қосалқы ғимараттың құрылысымен танысты. Өткен жылдың мамыр айында басталған ғимараттың құрылысы толығымен аяқталған. Қазір ең озық үлгідегі медициналық құрал жабдықтар орнатылу үстінде. Бұл ғимарат балалар неонаталдық хирургия бөлімі ретінде қызмет көрсетпек. Мамандардың айтуынша, нәресте өлімін болдырмауға, түрлі ақаулармен дүниеге келген сәбилерге ота жасау арқылы өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін болады.
Аурухана жанынан салынған қосалқы ғимарат құрылысының құны – 896,2 млн. теңге. Құрылыс жұмыстарын «Алматы-Construction БМ» жүргізген.
Ғимараттағы палаталарды, жан сақтау, таңу және басқа да бөлмелерді аралап көрген облыс әкімі А. Баталов оларда орнатылып жатқан медициналық құрал-жабдықтардың, жиһаздардың сапасына назар аударып, кереуеттерді ауыстыруды тапсырды. Сол сияқты аурухананың жылыту маусымына дайындығын тағы бір мәрте пысықтау керектігін ескертті. Ауласын толық абаттандыруымен қоса қазіргі қолданыстағы балалар ауруханасын жөндеуді келесі жылдың жоспарына енгізу тапсырылды.
Мұнан соң орталық алаңдағы фонтандарды жөндеу мен жаңа фонтандар орнату ісімен, оның іргелес алаңындағы жұмыстармен танысты. Жетісудың жеті өзенін бейнелейтін жеті субұрқақтың құрылыс жұмыстарымен «Асат Құрылыс» мекемесі айналысуда. Сонымен қатар алаңның айналасы абаттандырылып, мұнда өсімдіктің 200-ге жуық түрі отырғызылатын болады. Бұл көркейту жұмысына «Polesie» ЖШС кірісіп жатыр. Серіктестік директоры Елена Чернецкая облыс басшысына көгалдандыру бойынша атқарылатын жұмысты баяндап берді. Оның айтуынша, мұнда жемісті-декоративті ағаштардың, бұталардың, гүлдердің, көгалдың түстерін және формаларын үйлестіруге баса назар аударылады. Мұнда ландшафтық дизайны шығыс стиліндегі тақырыптық бақ орнатылмақ. Облыс әкімі А. Баталов субұрқақ еденінің төсемелеріне, алаңды көгалдандыру дизайнына, жаяу жүргіншілер жолын төсеу бағыттарына қатысты бірқатар ескертпелер айтып, жоспарға өзгерістер енгізді.
Келесі кезекте облыс басшысы Тәуелсіздік көшесінің ақын Сара мен Біржан сал көшелерінің аралығындағы бөлігінде салынып жатқан скверге барды. Мұнда А.Баталов қураған талдарды түгелдей алып, орнына жаңадан түрлі ағаштар отырғызуды тапсырды. Сквердің көшеге шығатын және тұрғын үйге қараған аумақтарын да назардан тыс қалдырмай, толық үйлесімде қамту керектігін қайталай ескертті.
Тәуелсіздік көшесі, 124 үйдің абаттандырылған ауласына барған облыс әкімі А.Баталов мұндағы көптеген кемшіліктерді көрсетіп берді. Аула қоршауының қоңырмен, футбол алаңы қоршауының көкпен боялуы көзге бірден оғаш көрінеді. Ал орнатылған орындық пен қоқыс жәшіктерінің сапасы да көңіл көншітпейді. Футбол алаңының ішкі төсемелеріне қатысты да облыс әкімі тарапынан сын айтылды. Жасалған ескертпелер негізінде мердігер компания жұмысты қайта жасайтын болады.
Сонымен қатар облыс әкімі А. Баталов 300 орынды музыкалық мектепте, жаңа драма театр ғимаратында да болды.