
Қала күні дәстүр бойынша «Жастар» саябағында мерекеленді. Онда байқаулар мен жарыстар, қаланың жетістіктері мен даму жайынан хабардар ететін кең көлемді көрмелер ұйымдастырылды. Шаһардың орта және жоғары оқу орындары, денсаулық сақтау мекемелері, кәсіпорындары, бизнес-қауымдастық өкілдері өз жұмыстары туралы баяндап, екінші деңгейлі банктер ниет білдірушілерге «7-20-25» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын түсіндірді. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мазмұнды концерт әзірледі. «Рухани жаңғыру» орталығының көрмесі, облыс орталығының өткен тарихы мен бүгінгі келбетін айшықтайтын «Талдықорған – кеше, бүгін, ертең» фотокөрмесі аса тартымды болды.
Мерекеге арнайы дайындалып, бетінде Талдықорғанның басты символы бейнеленген 6 метрлік торт пен 6 метрлік пицца көз қуантып, көпшілікке ұсынылды. Сондай-ақ келушілер алма көрмесіне де риза болысып, күзгі жемістен дәм татысты.
Қаланың шығармашылық ұжымдарынан 50 адам қатысқан «Арайлы мекен - Талдықорған!» музыкалық-хореографиялық прологы негізгі концерттік бағдарламаның шымылдығын ашты.
Мұнан соң облыс әкімі Амандық Баталов көпшілікке мерекелік құттықтау сөзін арнады.
- Құрметті қалалықтар мен қала қонақтары! Сүйікті қаламыз Талдықорғанның туған күнімен баршаңызды құттықтаймын! Шаһарда жұмыс істеп, өмір сүріп жатқан тұрғындар - қаланың ең басты байлығы! Бүгінгі мерекені пайдалана отырып, құрметті жерлестер, қаланың өміріне күнделікті атсалысып, қолдап, дамуына үлес қосып отырғандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында облыс орталығының кескін-келбеті жылдан жылға жаңарып, жасарып келеді: жаңа құрылыстар көбейді, көшелер мен аулалар көркеюде, саябақтар мен скверлер саны артты, инфрақұрылым нығаюда, балабақша, мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік маңызды нысандар салынып жатыр. Осының бәрі әрбір талдықорғандық үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, яғни өмір сүру сапасы артып келеді деген сөз. Талдықорғанымыз бұдан әрі де өсіп, өркендей берсін! Қала күні құтты болсын! – деді Амандық Баталов.
2018 жылғы Азия ойындарының жүлдегерлері мен олардың жаттықтырушыларын марапаттау рәсімі өтіп, оны облыс әкімі А. Баталов атқарды.
Атап айтсақ, самбо спорттық жарысынан алтын медаль алған Дильдаш Күрішбаеваға жаңа пәтер кілті мен 3 750 000 теңгенің сертификаты берілді. Ал жеңіл атлетика бойынша қола медаль иегері Иван Иванов пен регбист Влад Однолетоктың әрқайсысына 1 125 000 теңгенің сертификаттары ұсынылды. Самбодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бақыт Қоқысбеков 1 875 000 теңгенің сертификатына, ал грек-рим күресінен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Азамат Көкебаев 1 125 000 теңгенің сертификатына ие болды.
Бұдан кейін жыл сайын дәстүрлі түрде «Үздік учаскелік инспектор», «Үздік аула сыпырушы», «Қоғамдық көліктің үздік жүргізушісі», «Үздік учаскелік дәрігер», «Үздік әлеуметтік қызметкер» және т.б. номинациялар бойынша өтетін байқаудың нәтижелері хабарланып, интернет-дауыс беру қорытындысы бойынша жүлдегер атанғандарға бағалы сыйлықтарды Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев тапсырды.
Мерекеге орай Талдықорған қаласының Құрметті азаматтарының қатары толыға түсті. Олардың қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Бопазов, «Алматы бояулары» ЖШС директоры Римма Салыкова және «Югсантехмонтаж» кәсіпорны Жетісу филиалының ардагері Виктор Еремкин бар.
Салтанатты шара облыс әртістері мен қазақ эстрадасының өкілдері қатысқан гала-концертпен жалғасты. Қазақстанның Халық әртісі, әнші Роза Рымбаева, көпшіліктің сүйіктісіне айналған «Дос Мұқасан» тобы және т.б. өнерпаздар талдықорғандықтардың көңілін көтерді.
Мереке кешкілік ән-бимен, от шашумен жалғасады. Сонымен қатар «Energy» радиосы бағалы сыйлықтар – телефон, аксессуарларлар және басқа да бағалы заттардан ұтыс ойынын ойнатады. Жастардың көңіл көтеру бағдарламасына қатысуға DJ Wanchopa мен Артур Казарян арнайы шақыртылып отыр.
Осы күні Қала мерекесіне орай республикалық ірі БАҚ басшылары мен блогерлер мейман ретінде келді.