
7-шағын аудандағы 1200 орынды мектепті салуға мемлекет тарапынан 2 миллиард теңге қаржы бөлінген.
Білім ұжымы алғашқы қоңырау сәтін айшықты өткізді. Оқушылар келген қонақтарды ұлттық бимен қарсы алды. Ән салып, ырымдап ақ көгершін ұшырды. Еліміздің Гимнін бар жан-тәнімен айтып, көпшіліктің жүрегін елжіретті.
Ашылу салтанатына арнайы келген облыс әкімі Амандық Баталов жиылған жастарды мерекесімен құттықтап, ғимараттың лентасын қиды.
– Бұл нысанның ашылуы қызық болды. Басында дарынды балалар оқитын №24 мектеп-лицейді орналастырамыз деп шешкенбіз. Бірақ, халықтың сұранысынан кейін, ол шешімді өзгертіп, Талдықорғанның шағын ауданының балалары баратын мектеп қылып ашып отырмыз. Бұл осында қадам басқан оқушыларға үлкен серпін береді деген ойдамын. Қуаныштарыңыз құтты болсын! – деп ағынан жарылды Амандық Ғаббасұлы.
Облыс әкімі атап өткендей, қала тарихында мұндай үлкен білім ордасының ірге көтеруі алғаш рет. Оның қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде салынуының өзі тегін емес. Себебі, мұнда жылдан-жылға тұрғын үйдің саны артып келеді. Сабаққа баратын балалардың саны да едәуір.
– Шынында қуанышымызда шек жоқ. Осы мектеп салынады дегелі бері жолдасым екеуміз қызымызды осында оқытамыз деп шешкенбіз. Енді, міне, сол күнге де жеттік. Облыс әкіміне айтар алғысым шексіз. Бізге үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Бұрындар осы маңайдағы балалар автобус күтіп, сабаққа кешігіп баратын. Бұдан былай ондай жағдай орын алмайды деп ойлаймын. Заман талабына сай салынған бұл ғимарат елдің абыройын көтеретін жастарды тәрбиелеп шығатынына сенімім мол, – деді қала тұрғыны Сажида Зиятай.
№28 IT мектебі деген атау берілген бұл білім ошағына келушілер қарасы өте көп. Аты айтып тұрғандай мұнда робототехника бағдарламалаудың негіздері тереңдетіліп оқытылады. Ағылшын тілін меңгеруге де баса назар аударылмақ. Ол үшін арнайы кабинеттер ашылған. Ғимараты 9 блоктан тұратын оқу ордасы соңғы үлгідегі техника, парта, орындық, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Сонымен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ашылып отырған бұл білім беру мекемесінде мыңнан астам бала оқуын бастады. Соның 200-і бірінші сыныпқа барады. Олар 9 сыныпқа бөлінген. Бұл да көңіл қуантатын жайт. 130 адам жұмыс істейді. Жаңа мектепте арнайы жабдықталған сыныптар, медициналық кабинет, мәжіліс залы, акт залы, спорт залы және бірнеше шеберхана сыныптары бар. Мектеп директоры Гүлжанар Еспанованың айтуынша, нысанда алаңсыз білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Қажетті кадрмен толық қамтылған.
Мемлекет мұндай жағдайды қаламыздың солтүстік-батыс бөлігінде бой көтерген жаңа білім ұясына да жасап берді. Әнуар Әлімжанов көшесінің бойындағы еңселі оқу орны №27 орта мектеп болып аталды. Мұнда да білім күнін думандатып өткізген ұстаздар қауымын облыс әкімі Амандық Баталов құттықтап барды.
1200 орынды мектепке 800-ден аса бала қабылданған. Шәкірттердің дені Шайқорған шағын ауданы мен Мерекелік және Қызылтас саяжайларында тұрады. Бұрын бұлардың бәрі қалаға қатынап оқитын.
– Бұл білім ордасында 46 маман қызмет жасайды. Бәрінің де деңгейі жоғары. 3 қабатты ғимарат 5 блоктан тұрады. 61 оқу кабинеті мен 3 оқыту шеберханасы, спорт пен мәжіліс залы, кітапхана, асхана, медициналық кабинет бар. Оқимын деген балаға қай уақытта да есігіміз ашық, – деді мектеп директоры Гүлжан Сыдыбаева.
Жаңаның аты – жаңа. Мектептің дәліздері мен оқу бөлмелері кең. Жаратылыстану пәндері бойынша ашылған кабинеттер құрал-жабдықтар жеткілікті. Ағаш өңдеу шеберханасы да керекті дүниемен толыққан. Аумағы ат- шаптырым асханасы тағы бар. Спорт залы да үлкен. Мұнда оқушылардың баскетбол командасы құрылып, жаттығуды бастап та кеткен. Осы жерде облыс басшысы оларға шеберлік дәрісін өткізіп, допты торға қалай соғудың әдісін көрсетті. Сондай-ақ, асханасын арнайы тексеріп, оқушылардың ыстық тамағына ерекше көңіл бөлу керектігін ескертті.
Биыл былтырғымен салыстырғанда мектепке барған бала саны 25 мыңға артық. Оның үстіне 3, 6, 8-сынып оқушылары жаңа бағдарламамен білім алады. 5 пен 7-сыныптарға «Өлкетану» курсы енгізілген. Аттестациялаудан жақсы өткен мұғалімдерге осы айдан бастап үстемақы қосылады. Ұстаздар тек 5 қана құжат толтырып, қағазбастылықтан арылмақ.
Жалпы, облыс бойынша 22 білім беру нысандарына құрылыстық жөндеу жұмыстары жасалып, 6,8 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Айта кетейік, Талдықорған қаласында өнерпаз оқушылар үшін 300 орынды музыкалық мектеп бой көтеру үстінде. Ол да көп ұзамай ел игілігіне ұсынылмақ.