
«Ел тірегі, ел бақыты – Ата Заң» атты мерекелік шараға тек тұрғындар мен өнерпаздар емес, ұлттық спортты ұлықтап жүргендер де қатысты. Саябаққа кіреберісте ел атын әлемге әйгілеген спортшыларға арналған сурет көрмесі ұсынылса, оң жақ қапталда тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, қолкүрес, қазақ күресінен өтіп жатқан дода жиылған жұрттың делебесін қоздырды. Сол жақ қапталдағы арқантартыстың жөні бір басқа.
Өңір басшысы спортшылармен, қала тұрғындарымен бірге естелік суретке түсіп, салтанатты жиын өтіп жатқан сахнаға бет алды. Кішкентай балдырғандардан бастап әртүрлі салада қызмет ететін жандар жұмыс киімдерімен алаңға шығып, салтанатты шараның көркін қыздырды. Сахна төріне көтерілген облыс әкімі Амандық Баталов:
– Сіздерді Қазақстан Республикасы Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Кемел келешектің кепілі болған Ата Заңымыз сіздер мен біздің құқығымызды қорғап, бейбіт өмір сүруімізді қамтамасыз етеді. Біз қысқа мерзім аралығында тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, алпауыт елдермен арадағы шекарамызды белгіледік. Әлемдік аренада еліміз ең беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды. Өткен жылы «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін абыроймен атқардық. Биыл Астананың 20 жылдығын атап өттік. Елорданың өркендеуіне барша қазақ даласы атсалысты. Соның ішінде Жетісу жұртшылығы «Жетісу» саябағын жаңғыртып, тарту етті. «Бірлігі мықты елдің келешегі жарқын» дегендей, осындай маңызды істер арқылы ел мәртебесі тағы бір асқақтай түсті, – деп лебізін білдірді. Сөз соңында Конституцияның маңыздылығына тоқталып, барша қазақ елінің гүлдене беруін тіледі.
Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, Сүйінбай атындағы облыстық филармония мен «Талдықорған әуендері» фольклорлық ансамблінің өнерпаздары әннен шашу шашты. Сондай-ақ, эстрада жұлдыздары да ән шырқап, халықтың ыстық ықыласына кенелді.